00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Шымкентте 50-ден астам отбасы ақшасы төленген пәтеріне қол жеткізе алмай жүр

26 қыркүйек, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Шымкентте 50-ден астам отбасы ақшасы төленген пәтеріне қол жеткізе алмай жүр
Фото: Бақтыгүл Бурбаева

Шымкентте 50-ден астам отбасы пәтеріне қол жеткізе алмай жүр. «2023 жылы құрылысы аяқталып, пәтер иесі атанасыз» деген жарнамаға сеніп, қаржысын төлеген тұрғындар әлі де баспанасына кіре алмай жүр. Бұл туралы Elordainfo.kz otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

 Өйткені, тұрғын үй құрылысы әлі аяқталмаған. Ал компания өкілдері байланысқа шықпайды. Тіпті берілген кепіл мерзімі де біткелі біраз болған.

«Төлей алмаймын. 19 млн. ақша салдық, жартысына машина саттық, осыған бердім үй алам дедім. Істеп жатқаны міне осы».

Бұл пәтер аламын деп ақша салып, енді не үйіне жете алмай, не ақшасын қайтара алмай отырған тұрғындардың жанайқайы. 2022 жылы жарнамасы жер жарған тұрғын үй компаниясына 50-ден астам адам ақша салған. Алайда, арада 2 жыл өтсе де көпқабатты үйдің құрылысы әлі аяқталатын түрі жоқ дейді ашынған тұрғындар.

Айжан Жартыбаева осы үйден 2 бөлмелі пәтер аламын деп, өзінің тұрып жатқан баспанасын сатыпты. 16 млн. теңге төлеп, үш баламмен далада қалдым деген ол, екі жылдан бері жалдамалы пәтер жағалап жүр.

«Өзімнің 3 бөлмелі пәтерімді салғанмын. 2023 жылдың наурыз айында бітіріп беретін болған бұл кісілер. Мен үйімді сатып, ары кетсе 5-6 ай пәтерде тұрам ғой деп қаншама ақшамды осы үйге салдым. Енді мен пәтер жалдап, осы уақытқа дейін 3 млн теңге пәтерақыға төлеп, үш баламмен далада қалдым»,-деді Шымкент қаласының тұрғыны Айжан Жартыбаева.

Мерғали Қалшабеков дәл осы компания ұсынған үйден 1 бөлмелі пәтер алу үшін 15 млн теңге төлеген. 3 корпусты үйдің а блогынан пәтер иеленген азаматқа, компания үйді берілген мерзімде аяқтап үлгермейтінін айтып, келесі блокқа ауыстырып, жаңадан келісімшартқа тұрыпты. Ол үй осы жылдың 8 қыркүйегінде салынып бітуі керек болған. Себебі берілген кепіл мерзімі сол уақытта аяқталған. Дегенмен қазір үй де, ақша да, компания өкілдері де жоқ.

«Біреуі 50, біреуі 20 пайыз, біреуінен 100 пайыз алып, оның жартысынан көбі ипотекаға алынып, қазіргі күнде төлеп келе жатыр ипотекасын. Үйдің түрін қарасаңыздар, үй бітпеген.  «КЖК» АҚ кепілдігі бойынша қадағаламаған. Кепіл біткен мерзім 8 қыркүйек. Ол қыркүйектің алдында желтоқсанда болу керек еді, оны екінші тоқсанға созып, сәуір немесе мамырда біту керек болған. «КЖК» компаниясы 100 пайыз мемлекеттік компания болып есептеледі. 8 қыркүйекке дейін келіп,тексеру керек еді, тексерген ештеңе жоқ, үй бітіп тұрған жоқ», -дейді Шымкент қаласының тұрғыны Мерғали Қалшабеков.

Тұрғындар компания өкілдері ғана емес, кепілдік берген мекеме де хабар алмайтынын айтып, құрылыс барысына мүлдем тексеру жүргізбегеніне шағымданған соң, «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» қалалық филиалына бардық. Ондағы қызметкерлер ресми жауап беруге құзырлы емеспіз деп, басшыларына сілтеді. Ал кепілдік беретін компания өкілдері бұл жағдайдан хабардар көрінеді.

«Біз құрылыс салушы «Кристал Шымкент» ЖШС-ға  хат жаздық. Нысан бітпеген, құрылыс-монтаж жұмыстар өтпеген деп жаздық. Бізге растау құжаты келді. «Кристал Шымкенттен» және инженерлік компаниядан нысан дайын емес деген хат алдық. Біз өз тарапымыздан іс-шараларды жүргізіп жатырмыз. 24 қыркүйекте кепілдемелік жағдайды жариялаймыз», - дейді «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ сараптама және мониторинг департаментінің бас маманы Қанатжан Кеңбаев.

Нұртас шағынауданында орналасқан баспанасына қол жеткізе алмай жүргендерің ішінде 12 млн. теңгеден бастап, 20 миллионға дейін қаржысын төлеп қойғандар бар. Олардың кейбірі жоқ үйдің ипотекасын әлі күнге дейін төлеп келеді.