Полицейлер жол қауіпсіздігі шараларын күшейтті


Астанада жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында қала аумағында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл іс-шара жол-көлік оқиғаларының деңгейін төмендетуге, жол қауіпсіздігі саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған.
Полицейлер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуға баса назар аударды. Іс-шара барысында 12 мыңға жуық жол ережесін бұзу фактісі анықталды, соның ішінде 40 мопед айыппұл тұрағына орналастырылды.
Жедел алдын алу іс-шарасы барысында Астана қаласы патрульдік полиция мамандандырылған батальонының мотовзвод қызметкерлері Ақтоғай көшесінің бойында жол қозғалысы ережелерін бұзған 35 жастағы мопед жүргізушісін ұстады. Тексеру барысында мопедтің мемлекеттік тіркеуден өтпегені белгілі болды. Мопед айыптұрағына қойылды.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға, көлік құралдарының техникалық жағдайына ерекше мән беруге және өздерінің, сондай-ақ өзгелердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.



