Орамал таққан коучтар ұятқа жетелейтін контент жариялап жүр – бас имам


Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов журналист Әйгерім Есенәліге берген сұхбатында интим тақырыбына қатысты контенттерінің көбеюіне қатысты алаңдаушылық білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бас имам, әсіресе, орамал киген коучтардың ер мен әйелге қатысты жабық тақырыптарды әлеуметтік желіде ашық жариялап, отбасын сақтап қалу үшін әйелдерге түрлі ақыл-кеңес беретініне қатысты өз пікірін білдірді.
«Мұсылман адам бір нәрсені жеткізген кезде дұрыс жолын таңдау керек. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта орамал таққан, тақия киген әртүрлі коучтар ұятқа жетелейтін контент жариялап жүр. Экранның алдында отырып алып, әртүрлі сөздерді қолдану, іс-әрекетпен көрсету – арсыздыққа алып баратын қылықтар», – дейді Ерболат имам.
«Ауылда отырған қаншама әйел бар, сол коучтардың айтқандарына сеніп, өз-өзін құнсыздандырып, мен не көрдім мына өмірден дейтіндей халге түседі», «Қазір не көп – коуч көп. Көбі жүректі айнытатын тақырыптарды қозғап жатады. Еркекті төсекпен ұстап қалу жайында. Төсек тақырыбы сананы улап жатыр. Кетем деген еркекті баламен де, басқамен де ұстай алмайсың. Мына оранған сексолог, коучсымақтардың қоғамға әкелер пайдасы жоқ» деп жазды оқырмандар.
Айта кетейік, соңғы жылдары әлеуметтік желілерде дін мен интим тақырыбын қатар талқылайтын блогерлер миллиондаған қаралым жинап, жүздеген мың жазылушы жинап үлгерген.



