«Мешітте «Әмин» дегені үшін ұрған»: ҚМДБ мәлімдеме жасады
Әлеуметтік желіде Шымкенттегі мешіттердің бірінде болған оқиғаның бейнежазбасы тарады. Онда намаз оқып тұрған ер адамдардың бірі екіншісіне қол жұмсағаны көрсетілген. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлады Elorda.info.
Оқиға 2024 жылдың 12 мамырында кешкі ақшам намазы уақытында Шымкент қаласындағы мешіттердің бірінде болған. ҚМДБ мәлімдеуінше, Шымкентке өзге өңірден келген бір топ азамат мешіт имамының ескертуіне қарамастан бірнеше рет жамағат намазын бұзған.
«Өзге мәзһабта намаз оқыған олар жамағат пен имамның өтінішіне құлақ аспай, мешіт ережесін өрескел бұзған. Намаз кезінде «әмин» дұғасын қатты дауыспен айтқан жандардың әрекетіне төзбеген мешітке келушілердің бірі екіншісіне қол жұмсаған. Нәтижесінде имам жамағат намазын тоқтатуға мәжбүр болған. Оқыс оқиға дер кезінде тоқтатылып, полиция қызметкерлері тиісті жұмыс жүргізуде», - деді ҚМДБ.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешітке келуші жамағатты мешіт ережесіне бағынуға, сонымен қатар құлшылық үйінде сабыр сақтап, көркем мінез танытуға шақырады.
Еске сала кетсек, ҚМДБ бекіткен «Мешіт ережесі» бойынша Қазақстан мұсылмандарының ауызбіршілігі мен біртұтастығын қамтамасыз ету үшін намаз бен діни рәсімдер Әбу Ханифа мәзһабы бойынша орындалады.