Мерзімді әскери қызмет өткергендерге мемлекеттік гранттар беріледі
Қорғаныс министрлігінің армияда қызмет еткен азаматтарға білім алуға жеңілдіктер беруге бағытталған бастамасы Парламентте мақұлданды, деп хабарлайды Elorda.info.
Бұл ретте депутаттық корпуспен, мемлекеттік органдардың, күш құрылымдары мен жоғары оқу орындарының басшылығымен жүйелі, қажырлы жұмыс жүргізілді.
Қорғаныс ведомствосының сарбаздарға квота бөлу жөніндегі бұрынғы жобасын іске асыру жоғары оқу орындарымен оларды оқу орны есебінен оқыту туралы қол жеткізілген уағдаластықтарға негізделгенін айта кетейік. Енді әскерде қызмет еткен азаматтарға берілетін жеңілдіктер заң жүзінде бекітілгеннен кейін оларды оқыту мемлекет есебінен жүзеге асырылатын болады.
Жыл сайын 35 мыңнан астам қазақстандық мерзімді әскери қызметке шақырылады. Министрліктің бұл жобасы оларға кәсіби мансабын сәтті бастауға негіз бола алады.
Аталмыш заңнамалық жаңалықтар «Әскери қызмет пен әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» (50-1-бап) және «Білім беру туралы» (26-бап) – екі заңның нормаларына қатысты.
Өзгерістер мен толықтырулар әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген азаматтардың кепілдіктерін айқындайды. Әскери борышын аяқтаған күннен бастап бір жыл ішінде олар жоғары әскери, арнаулы оқу орындарына, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына ҰБТ және емтихан нәтижелерінсіз тегін оқуға түсуге құқылы, - делінген Қорғаныс министрлігінің ақпаратында.
Медициналық, фармацевтикалық және педагогикалық білім беру бағдарламаларынан басқа азаматтық жоғары оқу орындарға қабылдау еліміздің заңнамасында белгіленген квоталар шегінде жүзеге асырылады.
Мерзімді әскери қызмет кезеңінде жауынгерлік даярлықта жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, үздік деп танылғандар, тәртіпті әскери қызметшілер тегін оқу құқығына ие болады. Үміткерлердің үлгерімі мен жетістіктері туралы барлық деректер Қорғаныс министрлігінің сайтында орналастырылған «Срочники 2.0» цифрлық платформасында тіркеледі. Жоғары оқу орындарына жеңілдікті шарттармен оқу үшін орындар бөлуді жылына екі рет Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған комиссия жүргізеді.
Жоғары оқу орындарына ҰБТ және емтихан нәтижелерінсіз ақылы негізде түсемін деп шешім қабылдаған азаматтар бұл құқықты мерзімді борышын аяқтаған күннен бастап екі жыл ішінде пайдалана алады.
Жоғары оқу орнына түскен бірінші жылы Отан алдындағы борышын өтегендерге жатақханадан орын беріледі. Бұл да оларға берілетін қосымша елеулі жеңілдік болмақ.