Қорғаныс министрі әскери қызметшілерге үндеу жолдады
Телекөпірге Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы елді мекендер мен инфрақұрылым нысандарын су тасқынынан қорғау жұмыстарына тартылған сарбаздар, сержанттар мен офицерлер қатысты, деп хабарлады Elorda.info.
Бүгінде су тасқынына қарсы іс-шараларға Қарулы күштердің «Оңтүстік», «Астана», «Шығыс», «Батыс» өңірлік қолбасшылықтары әскери бөлімдерінің, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, аумақтық қорғаныс бригадаларының, РХБҚ бөлімшелерінің әскери қызметшілері және әскери инженерлер қатысуда.
Табандылық әрі моральдық күш-жігерді қажет ететін мұндай сындарлы жағдайға алғаш тап болған сарбаздар үшін министрдің үндеуі маңызды болды.
Биыл еліміздің көптеген өңірлері табиғи апаттан зардап шекті. Алғашқы күннен бастап қарулы күштер тобы төтенше жағдайдың салдарын жоюға белсенді қатысып келеді. Іс-шараларға ұшқыштар, инженерлер, саперлер, дәрігерлер, РХБҚ әскери қызметшілері және басқа да мамандар жұмылдырылған, – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.
Ол сондай-ақ, өткен жылы әскери қызметшілер ТЖМ және басқа да күштік ведомстволардың мамандарымен бірге күрделі жағдайда орман өртін сөндіруге көп үлес қосқанын атап өтті. Енді олар елді мекендерді тасқын су басуынан қорғап, келетін зиянды азайтуға және жергілікті тұрғындарға табиғи апатты жеңуге көмектесіп жатыр.
Сан ғасырлар бойы қазақ халқы ел басына қауіп төнгенде бірліктің арқасында кез келген қиыншылықты еңсере білген. Бүгінде тарихи себептерге байланысты Қазақстанда жүзден астам этнос өкілдері өмір сүріп, еңбек етуде. Қазақстандықтардың қиын сәтте бір-бірін қолдай білуі бізге әрқашан күш беріп, ертеңгі күнге деген сенімімізді оятады. Қойылған міндеттерді орындау кезінде жеке батылдықтарыңыз бен адалдықтарыңыз үшін алғыс айтамын, – деп атап өтті Қорғаныс министрі.
Өз кезегінде 31775 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгері Илья Кузьмин қиын сәтте сарбаздар елге қолдан келген көмегін аямайтынын алға тартты.
Солтүстік Қазақстан облысына біз Қарағандыдан келдік. Біз үшін өзімізді тексеретін нағыз сәт енді туды. Бұл ешқандай оқу-жаттығу емес, адамдар тап болған нақты сыни жағдай. Сондықтан оларға көмектесу үшін бар күшімізді саламыз, – деді.
«Астана» ӨңҚ-да әскери қызмет өткеріп жатқан көптеген сарбаздар Солтүстік Қазақстан облысынан шақырылған. Сондықтан елді мекендерді топан судан қорғау міндетіне олар ерекше жауапкершілікпен қарап, жерлестеріне көмектесуге бар күшін салуда.
Телекөпір барысында Қорғаныс министрі лайықты ұл тәрбиелегені үшін сарбаздардың ата-аналарына алғысын жеткізді. Ол барлық әскери қызметшілерге шыдамдылық пен төзімділік тілеп, тұрақты орналасқан орындарына аман-есен оралуға тілектестігін жеткізді.