Кішкентай қызға балмұздақ алып берген полицей Қазнетті сүйсінтті
Қазнетте полиция қызметкерінің адасып қалған кішкентай қызға көмек көрсеткен видеосы тарады. Бейнежазба 360 мыңнан астам қаралым жинаған, деп хабарлады Elorda.info.
Түркістанда патрульдеу бойынша өз қызметін атқарып жүрген полицей Нұрсұлтан Әбдіқадыр бағдаршам тұсында кішкентай қыздың жалғыз өзі тұрғанын байқаған. Одан ата-анасын сұрағанымен, былдырлап, тілі анық шықпаған қыздан нақты жауап ала алмайды, - делінген ІІМ ақпаратында.
Оның адасып қалғанын түсінген полицей бірден басқа әріптестеріне хабарлап, ата-анасын іздеуді бастайды. Осы аралықта қыздың көңіл-күйі түскенін байқаған Нұрсұлтан оған балмұздақ алып беріп, тез арада ата-анасын тауып беруге уәде береді.
Сәлден кейін кейін қыздың анасын тауып, отбасына табыстайды.
Тәртіп сақшысы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, тұрғындар тыныштығын сақтау парызы екенін атап өтті.
Видеоға желі қолданушылары түрлі пікір қалдырған. Біреулер полицейдің әрекетіне сүйсінсе, біреулер бұл таңғалатын жағдай емес екенін, солай болуы тиіс екенін жазған.
«Таңғалудың еш керегі жоқ, солай болуы тиіс нәрсе!», «Осындай полицей жігіттер көп болсын», «Полиция жұмысы ауыр, түсінген адамға. Мерекелерде халық тойлап жүрсе, олар тәртіпті сақтап, күні-түні күзетеді», «Еңбектері адал, көзге көрінбейді», «Жарайсың, халықтың баласы бол», «Полицейдің бәрі осындай болса», «Осы қалпыңнан тайма», - дейді пікір білдірушілер.