Семей инфрақұрылымын жөндеуге 16,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді
Семей қаласының коммуналдық инфрақұрылымын жөндеуге Үкімет резервінен 16,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Премьер-Министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлады Elorda.info Primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Семей қаласының жылу желілерінің ұзындығы 322 шақырымды құрайды, оның 68 пайызы тозған. Кей бөліктердегі жылу желілері 100 пайыз тозған (1966 жылы іске қосылған). Өткен жылыту маусымында қала желілерінде 337 апатты жағдай орын алды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 21 пайызға жоғары.
Семей қаласын жылыту маусымында сапалы қызметпен қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту, жылыту маусымының үздіксіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі жылу желілерінің тозығы жеткен бөліктерін анықтады. Жобалау-сметалық құжаттама дайындап, жөндеу жұмыстарын жүргізуге сараптамадан оң қорытынды алды.
Үкімет резервінен бөлінген қаржы Семей қаласындағы желілік сорғыларды ауыстыра отырып, 1-ЖЭО-дан 1, 2, 3, 4-павильондарға дейін 5,8 шақырым магистралдық жылу желілерін күрделі жөндеуге бағытталады.