Картоп бағасын негізсіз көтергендерге айыппұл салынды


Қазақстанда картоп бағасын негізсіз көтергендерге айыппұл салынды, деп хабарлады Elordainfo.kz Сауда комитетіне сілтеме жасап.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, картопқа сауда үстемесін 15%-дан асырып жібергені үшін 505 әкімшілік іс қозғалды, оның 41-і бойынша жалпы сомасы 2,6 миллион теңгеден асатын айыппұл салынған. Қалған 464 жағдай бойынша ескерту берілген.
Жалпы алғанда, жыл басынан бері министрліктің аумақтық департаменттері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) байланысты 1585 әкімшілік қаулы шығарған. Оның ішінде 396 жағдайда 24 миллион теңгеге жуық айыппұл салынып, 1189 ескерту жасалған.
Сауда үстемесін асыруды болдырмау мақсатында делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялар 303 отырыс өткізген. Соның нәтижесінде өнімсіз делдалдардың қатысуымен 1164 жағдай анықталып, 1079 әкімшілік қаулы шығарылған. 85 делдал тауар жеткізу тізбегінен шығарылды.
Министрлік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын бақылау және заң бұзушылықтарға жол бермеу жұмыстарын жалғастыра беретінін мәлімдеді.



