Енді елімізде алаяқтардың кесірінен бұғатталған ақшаны қайтару жеңілдейді

Бүгін, 19:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views59
Енді елімізде алаяқтардың кесірінен бұғатталған ақшаны қайтару жеңілдейді
фото: Оңалхан Өнерхан

Ұлттық банк алаяқтық әрекеттерден зардап шеккен азаматтарға қаражатты қайтару ісін жеңілдетуге бағытталған заңнамалық түзетулер қабылданғанын мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

Ұлттық банктің мәліметінше, енді алаяқтық белгісі бар транзакциялар бойынша бұғатталған қаражатты прокурордың санкциясымен тергеу органдарына хабарлау арқылы қайтаруға болады (бұрын сот шешімі қажет болған).

Бұдан басқа, Ұлттық Антифрод-орталықта заңсыз операцияларға тартылған күдікті төлем карталары мен электрондық әмияндардың дерекқоры құрылады.

«Сонымен қатар банктік шоты алаяқтық күдікке байланысты бұғатталған тұлғалар үшін зейнетақы, шәкіртақы, жәрдемақы немесе жалақы аясында жүзеге асырылатын әлеуметтік төлемдер мен өзге де ақша аударымдарына қолжетімділік сақталады», - делінген хабарламада.

Бұл ретте қаржы ұйымдары күдікті операцияларға сапалы талдау жүргізуі үшін алаяқтық белгісі бар транзакцияларды бұғаттау мерзімі 3 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін ұзартылды.

«Антифрод-орталықты дамытудың келесі кезеңі банктік қосымшалардағы күдікті белсенділікті анықтайтын және банкаралық деңгейде күмәнді аударымдарды бұғаттайтын жасанды интеллект технологиясын енгізу болады», - деп қосты Ұлттық банк өкілдері.