Елімізде «Назар аударыңыз – балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды


Қазақстанда «Назар аударыңыз – балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Жолдағы қауіпсіздік, әсіресе балаларымызға қатысты мәселе – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Бүгінгі таңда бізді кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының жағдайы ерекше алаңдатады.
Жыл сайын осы қайғылы оқиғалардың салдарынан 300-ден астам бала қаза тауып, төрт мыңнан астамы түрлі жарақат алады. Бұл біздің қоғам үшін елдің демографиялық резервіне нұқсан келтіретін орны толмас шығындар.
Осы жылдың алғашқы төрт айында республика аумағында балалардың қатысуымен екі мыңнан астам апат тіркелді. Салдарынан 67 бала қаза тауып, үш мыңға жуығы жарақат алды», - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Ақтоты Боранованың айтуынша, Алматы облысында Mercedes Benz автокөлігінің жүргізушісі жолдың жүріс бөлігіне жүгіріп шыққан екінші сынып оқушысын қағып кеткен. Бала тірі, бірақ жарақат алған.
«Алдағы жазғы демалысты ескере отырып, біз ересек ұрпақ болып жол қауіпсіздігі мәселелерінде белсенділік пен жауапкершілік танытуға шақырамыз.
Біз балалардың қатысуымен болатын жол апатының алдын алуға және олардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын бекітуге бағытталған бірлескен жұмыс жүргізу үшін барлық ресурсты пайдалануымыз қажет.
Осыған байланысты елімізде «Назар аударыңыз – балалар!» акциясы өткізіледі. Бұл акция балалардың жолдағы қауіпсіздігіне қоғамның назарын аударуға бағытталған.
Сіздердің қолдауларыңыз бен белсенді қатысуларыңызға сенеміз. Бірге жолдарымызды қауіпсіз етейік. Балаларда ұқыпты және жауапты мінез-құлықты қалыптастыру – баршамыздың міндетіміз.
Өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз. Жолда абай болыңыздар!» - деді ол.



