Елімізде мүгедектікті белгілеу бойынша сырттай шешімдердің үлесі артты

Бүгін, 15:48
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елімізде мүгедектікті белгілеу бойынша сырттай шешімдердің үлесі артты
Фото: ОКҚ

ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов ОКҚ алаңында медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесіндегі өзгерістер және қабілетсіздікті анықтау бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстар туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қазіргі уақытта мүгедектікті белгілеу тәсілдерін өзгерту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Осы реформаның басты бағыты – медициналық-әлеуметтік сараптаманы (МӘС) сырттай және проактивті форматта енгізу. Мақсат – азаматтардың мүгедектік мәртебесін алу рәсімін барынша жеңілдету: оны қолжетімді, ыңғайлы, жедел әрі ең бастысы – объективті және әділ ету», - деді спикер баспасөз конференциясында.

Енді сырттай проактивті куәландыру жүргізілетін аурулар тізбесі бойынша азаматтың медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне баруы талап етілмейді. Ол тек емханаға дәрігерге ғана жолығады.

«2024 жылдың қорытындысы бойынша қашықтан проактивті форматта көрсетілген мүгедектік тобын тағайындау бойынша қызметтердің үлесі 37,4%-ды құрады. 2025 жылғы алты айда сырттай проактивті форматтағы сараптамалардың үлесі 39,3%-ға жетті», - деді комитет төрағасы.