Елімізде алғаш рет 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

Бүгін, 11:15
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елімізде алғаш рет 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді
фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында  Қаржы министрі Мәди Тәкиев Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатасының 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері жөнінде баяндама ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Есептік кезеңде әлеуметтік сала, инфрақұрылымдық жобалар сияқты бірқатар бағыттар қаржыландырылды. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы педагогтардің еңбекақысын көтеруге 93,8 млрд теңге бөлінді. Әлеуметтік осал топтағы 4557  отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Осы санаттағы балалардың 100 пайызы және 1,7 млн-нан астам оқушы тегін тамақпен қамтылды. Сонымен қатар 89 мыңнан астам орынға 789 балабақша ашылды»,- деді Мәди Тәкиев.

Қаржы министрінің сөзінше,  2024 жылы студенттердің степендиясы 2 есеге өсіп, гранттар саны 7 пайызға ұлғайған. Сонымен қатар елімізде алғаш рет 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

«Шетелдік жоғарғы оқу орындарының 11 филиалы ашылып, биыл тағы 10 филиал ашу жоспарланып отыр. Шетелдік студенттердің саны 31,5 мыңға жетті. Тапшылықтың болуын ескере отырып, 2024 жылы 11 мың орындық 40 жатақхана берілсе, 2025 жылы 10,5 мың орындық 23 жатақхана беру жоспарланып отыр. Елімізде алғаш рет 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 300 мыңнан астам адам газбен қамтылды. Ал 200 мыңнан астам тұрығн орталық сумен қамтамасыз етілді. Жалпы шамамен 3,5 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері салынды»,- деді ол.