Елімізде 169 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді

18 ақпан, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елімізде 169 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді
Фото: Оңалхан Өнерхан

1 ақпандағы жағдай бойынша 31,9 мың отбасындағы 169,1 мың адамға 2,3 млрд теңге сомасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2025 жылы осы мақсатқа бюджеттен 132,9 млрд теңге қарастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

АӘК-тің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

АӘК мыналарды көздейді:

- табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;

- табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2025 жылғы 1 ақпанда АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 52 мың балаға 305,1 млн теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;

- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы кедейлік шегі өңірлік медиандық табыстың 35% деңгейінде, бірақ өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінен 70%-дан төмен емес деңгейде айқындалған.