Еңбек инспекторлары 20 мыңнан астам жұмысшының құқығын қорғады
1 мамырдағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 126 кәсіпорны 9,7 мың жұмысшыға 1,5 млрд теңгеден астам сомаға жалақы бойынша берешек екенін анықтады. Сонымен бірге түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында 3,2 мың еңбек құқығының бұзылуы анықталды, деп хабарлады Elorda.info.
Жалақы бойынша берешегі бар кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 123 ұйғарым берілді және 14 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 7,7 мыңнан астам жұмысшының құқықтары қорғалды. Оларға 696,6 млн теңге төленді.
Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында.
1 мамырдағы деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 2 366 тексеру жүргізді, оның барысында 3 199 бұзушылық анықталды. Оның ішінде: еңбек саласында – 2 437; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 720; халықты жұмыспен қамту бойынша – 86.
Жұмыс берушілерге 1 409 ұйғарым беріліп, 177,8 млн теңге сомасына 1 780 әкімшілік айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 12,5 мың жұмысшының еңбек құқығы қорғалды, - делінген министрлік ақпаратында.