Былтыр 9 мыңға жуық адам өз еркімен қоныс аударды

Былтыр 9 мыңға жуық адам өз еркімен қоныс аударды
фото: Оңалхан Өнерхан

2024 жылдың қорытындысы бойынша ерікті қоныс аудару аясында жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге 8 950 адам, оның ішінде 3 000 қандас және 5 950 қоныс аударушы көшіп келді. Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді, деп хабарлады Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап. 

Қоныстандыру өңірлері бөлінісінде Павлодар облысына – 3 422 адам, Солтүстік Қазақстан облысына – 2 547 адам, Қостанай облысына – 1 020 адам, Шығыс Қазақстан облысына – 781 адам, Ақмола облысына – 537 адам, Абай облысына – 530 адам, Ұлытау облысына – 70 адам, Қарағанды облысына – 43 адам қоныс аударды.

«Қоныстану аймақтарына көшкен қандастарымыз негізінен Моңғолиядан – 1 072 адам, Өзбекстаннан – 908 адам, ҚХР – 762 адам, Ресейден – 164 адам, басқа елдерден – 94 адам келген. Келушілер қатарынан еңбекке қабілетті жастағы 4 279 адамның (қоныс аударушылар мен қандастар) 2 721-і тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, 207 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысуда, бизнес ашу үшін 25 адам грант алды», - делінген хабарламада.

Қоныс аударушылар мен қандастар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру, өнеркәсіп және т.б. салаларға жұмысқа орналасты.

Қоныс аударғандардың бірі – Сүлейменовтер отбасы, олар қоныс аударғаннан кейінгі өмірлеріндегі оң өзгерістерін бөлісті.

«Отбасының әрбір мүшесіне қоныс аударуға 1 690 500 теңге көлемінде материалдық көмек түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілді, сонымен қатар экономикалық ұтқырлық сертификаты бойынша тұрғын үй сатып алдық. Біз көшуге шешім қабылдағанымызға және қоныс аударушыларға жұмыс іздеуге көмектесетін, алғашқы материалдық көмек көрсететін мемлекет тарапынан осындай бағдарлама бар екеніне өте қуаныштымыз», - деді отағасы Жанболат Сүлейменов.

Естеріңізге сала кетейік, ерікті қоныс аудару аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау көрсетіледі.