00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Баланың сөзді дұрыс айтпауын еркелік деп қабылдауға болмайды - дефектолог

9 маусым, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Баланың сөзді дұрыс айтпауын еркелік деп қабылдауға болмайды - дефектолог
коллаж Elorda.info

Соңғы уақытта балалардың тілдері ұғынықсыз, кейбіреуі тіпті мектеп жасына жетсе де еркін сөйлей алмайтынын байқауға болады. Бала тілінің кеш шығуындағы басты себептер мен оның алдын-алу жайлы Elorda.info тілшісі логопед-дефектолог маманнан толығырақ сұрастырып көрді.

Логопед-дефектолог маманның сөзінше, бала тілінің уақытында шығуы үшін, ең алдымен, құрсақта жатқан сәттен бастап ана мен бала арасында байланыс орнауы қажет.

Тілдің кешеуілдеп шығуына бірнеше себеп әсер етеді. Басты себеп - бала әлі туылмай тұрып анасының онымен сөйлеспеуі. Іште жатқан кезден бастап анасы баласын сипап, онымен сырласып, тығыз қарым-қатынас орната бастауы керек. Іштегі бала барлығын сезеді, - деді логопед-дефектолог әрі психолог Еңсебаева Әлия Қуандыққызы.

Ал енді жетіліп келе жатқан кезінде балаларға смартфон, гаджетті мейлінше бермеуге тырысу керек. 

Бүлдіршіндердің дұрыс сөйлеуіне кері әсерін тигізетін дүниенің бірі – ғаламтор. Кішкентай балалар ғаламтордан түрлі мультфильмді қарайды. Қазір сөйлемейтін, біртүрлі қимылдар көрсететін, түсініксіз, белгісіз мультфильмдер көп. Одан бөлек балалар басқа тілді мультфильмді қарайды, көбінесе ағылшын тілінде. Осыдан кейін оларда қай тілде сөйлеу керектігі жайлы дұрыс түсінік қалыптаспайды. Сөздің шынына келгенде баланың смартфонда көп отыруы тілдің кешеуілдеп шығуына ғана емес, басқа да физикалық, психологиялық ауытқулардың пайда болуына да әкеліп соқтырады. 3 жасқа дейінгі балаға телефонды мүлдем беруге болмайды немесе шектеу қойып, күніне 30 минуттан артық бермеу керек. Күні бойы бала телефонда, ютубта түрлі нәрселерді қарап, қимыл-қозғалысы аз болса ашуланшақтық, ұйқысыздық пайда болуы мүмкін. Смартфон бөлетін радиотолқындардың кесірінен бала иммунитеті түсіп, есте сақтау қабілеті нашарлайды, - деді психолог Әлия Қуандыққызы.

Маманның айтуынша, тілдің шығуында моторика, яғни, қозғалыс процесі де маңызды рөл атқарады. Көп жағдайда ата-ана баласы бір нәрсені өз бетімен жасай алмай жатса, бала үшін ол жұмысты өздері жасап немесе көмек беріп жатады. Негізі бұл дұрыс емес, бала барлығын өз бетінше жасап үйренуі тиіс. Баланың саусақтары неғұрлым көп қимылдаса, миы да жақсы жұмыс істеп, сөйлеу жүйесі де дамиды.

Көп ата-ана баласын еркелетіп сөйлетеді. Тамақты «ням-ням» дегізіп, тағы да басқа сөздерді толық айтқызбайды. Баланың сөздерді дұрыс айтпайтындығын еркелік деп қабылдап жатады. Осылайша мәселенің мәнін түсінбей, уақытты жоғалтып алады, - дейді логопед-дефектолог.

Қалыпты жағдайда бала 3 жастан бастап толық сөйлей алуы керек. Баланың сөйлеуінде кемшілік барын байқағанда бірден логопед-дефектолог маманына жүгінген жөн.

Кейбір балаларда тұтығып сөйлеу байқалады. Сөйлеу мүшелерінің бұлшықеттері тартылып, сөйлеу жүйесінің ырғақтығының, жылдамдығының бұзылуы тұтықпаға әкеліп соқтырады. Тұтықпа ауруы толық жазылмайды, бірақ логопед көмектесе алады. Бұл жерде тыныс алуды баппен ұстау маңызды. Баланы тез сөйлетуге болмайды, стресстік жағдайларға түсуінен алшақтату керек. Тұтықпаға арнайы массаж, тыныс алу жаттығулары, артикуляциялық жаттығулар жасалады. Оларды үзбей, үнемі жасап отырған дұрыс. Ол үшін логопедтен бөлек ата-анасының көмегі де қажет,  - деді Әлия Қуандыққызы.

WhatsApp Image 2023-06-08 at 12.52.58.jpeg

Логопед ата-ана көмегінің аса маңызды екенін атап өтті. Яғни, баланы түрлі мамандарға тапсырып қана қою дұрыс емес. Ата-анасы баласы үшін әрекет жасамаса барлық жұмыс зая кетуі мүмкін.

Мектеп жасынан асып кеткен баланың тілі ұғынықсыз болып, сөйлеу жүйесінде кемшілік байқалса оларды түзеу қиын болады. Сол себепті ерте жастан баланың сөйлеуіне көңіл бөлген жөн. 5-6 жастан асып кеткен баламен жұмыс істеу көбірек уақытты талап етуі мүмкін. Барлығы баланың қабылдау жүйесіне байланысты. Мектеп жасындағы баланың тілін түзеу барысында тек логопед ғана емес, дефектолог пен психолог мамандарының да жұмыс істегені тиімді. Бұл жерде артикуляциялық жаттығулар мен сөйлеу жүйесіне массаж жасалып, баланың интеллектісін дамытатын ойындар ойнатып, барлығын кешенді түрде жүргізу керек. Мамандардың 1 сағаттық жұмысы жеткіліксіз, үйде ата-анасының да сөзін түзеп, еркелеп бұрыс сөйлеуіне жол бермеуі керек, - деп нақтылады маман.

Сұхбат барысында Әлия Қуандыққызы логопед және дефектолог мамандарының жұмысының бір-бірімен тығыз байланысты екенін түсіндірді. Дефектолог интеллекті дамытуға жұмыс жасаса, логопед толығымен сөйлеу жүйесімен жұмыс жасайды. Дефектолог баланың ойлау қабілетін дамыту үшін жаттығулар, тапсырмалар, ойындар ұйымдастырса, логопед соны бекіту шараларымен айналысады. Жақсы нәтижеге жету үшін екі маманның жұмысы қатар жүруі тиіс.

Сондай-ақ маман балалардың тілінің уақытында шығып, кемшіліктердің алдын алу үшін үй жағдайында қандай жаттығулар жасауға болатынын айтты.

Үш жасқа дейінгі балаларға «ұсақ моторика» әдісі арқылы ойындар ойнату керек. Саусақтың ұсақ нәрселермен жұмыс жасауы арқылы бұлшықеттерінің, миының жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі. Егер бала қозғалып, сөйлеп, жұмыс жасамаса бұлшықеттері семіп, атрофияға ұшырайды. Нәтижесінде тіл жүйесі де дамымайды. Бұның алдын алуда ұсақ моторика арқылы балаларға түрлі пазлдар мен құрастыратын ойыншықпен жұмыс істеп, белсенді өмір салтын ұстануға кеңес беріледі. Одан бөлек тілді дамыту үшін балаларға жаңылтпаштар мен әндер жаттатқызуды әдетке алған жөн. Айтып болған соң ғана қате айтқан сөздерін түсіндіріп, дұрыстау керек. Бала тілін тарсылдату немесе таңдай қақтыру да ауызқуысының ұсақ моторикасына, тілдің дамуына жақсы әсерін тигізеді, - деді логопед-дефектолог.

Бала 1 жастан бастап 10-15 сөзді, 2 жастан 300-ден астам сөзді айта алуы керек. Ал 3 жасқа жеткенде баланың толық сөйлей алмауы үлкен кемшіліктердің бастауы болуы мүмкін. Бала тілі – бал, еркелей сөйлеген балаға сүйсінбейтін адам жоқ. Бірақ еліміздің болашақ өкілдерінің тілінің тазалығы – ұлт мақтанышы. Келешекте мәселеге айналмас үшін балалардың тілінің уақытында еш кемшіліксіз шығуына мән берген абзал.

                                                                                       Мөлдір Мандыбекқызы