00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Балаға бәтеңкені бояп берсең де ойнай береді»: Сәкен Болыс ұлттық ойыншықтар туралы айтты

«Балаға бәтеңкені бояп берсең де ойнай береді»: Сәкен Болыс ұлттық ойыншықтар туралы айтты
фото: Оңалхан Өнерхан

Әр ұлт өзінің ұлттық құндылықтармен ерекшеленеді. Бүгінгі таңдағы ғаламдану үдерісінде, Еуропалық өмір салтына еліктеу басым болып тұрған қоғамда ұлттық құндылықтарды сақтау-ұлттық сананы сақтаумен егіз ұғым іспетті болып отыр. Бұл туралы Түркістанда өткен құрылтайда Президентіміз тағы да бір мәрте атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеу өте маңызды екенін еске салды.

Ал ұлттық құндылық туралы түсінік балада есі кірген шақта қалыптасу керек. Оң-солын енді тани бастаған бала ойыншық арқылы ойлау қабілетін дамытып, өмірге бейімделеді.  «Баланың ойнағанына, қазанның қайнағанына қара» деп қазақ текке айтпаған ғой. Елімізге көздің жауын алатын ойыншықтың басым бөлігі Қытайдан әкелінеді. Түрі де, тілі де түсініксіз ойыншық балаға қандай ұлттық тәрбие береді? Дегенмен елімізде ұлттық ойыншықтарды дәріптеп жүрген азаматтар бар. Солардың бірі, төл ойыншықты заманауи үлгіде жаңғыртып жүрген «Атакәсіп-Астана» кәсіпорнының басшысы Сәкен Болыс. Elorda.info тілшісі еңбегі баршаға белгілі кәсіпкермен кездесіп, ұлттық нақышқа толы өнімдерін тамашалап, ұрпақ тәрбиесі туралы тілдесіп қайтты. 

Кейіпкеріміз мектеп жасына жете қоймаған бүлдіршіндердің ой-өрісінің дамуы мен ұлттық таным-түсінігінің кеңеюіне ықпал ететін «Жеті ойыншық» жобасын жасап, 10 жылдан бері елімізде ұлттық ұстанымы биік балалар болғанын мақсат етіп келеді.

Мен 1990 жылы Қарағандыда ұлттық бұйымдар шығаратын кәсіпорында жетекші маман болып жұмыс істедім. Сол кезде алғаш рет ашылған «Тілек» деген қазақ балабақшасына бардым. Музыка бөлмесінде «Аспаптар» деп жазылған бөлімге көзім түсті. Қарасам, пішіп жасалған домбыра, сылдырмақ, орыстың «гармошкасы» ілініп тұр. Сол кезде қаншама біздің аспаптарымыз бар, оның ішінде балалар ойнайтын түрлері бар ғой деген ой келді. 2000 жылы Астанаға келгенде «Атакәсіп - Астана» деген кәсіпорын аштым. Бастапқыда балаларға арналған кішкентай аспаптарды жасадым. Кейін «Неге біздің ұлтта балалар ойнайтын ұлттық ойыншық жоқ?» деген сұрақ туындады. Осы мәселе төңірегінде зерттеп, қазіргі заманға лайықталған ұлттық 7 ойыншық жасауды бастап кеттім. Ойыншықтарымыз психологиялық-педагогикалық сараптамадан өткен, министрліктің  бұйрығына еніп, ең бірінші ұлттық ойыншық ретінде тіркелді. Біздің жобаны тек ойыншық деп қарастырмай, балаларды жан-жақты дамытатын бастама ретінде қарастыру керек,- дейді Сәкен Болыс. 

ойыншық (2).JPG

DSC02040.JPG

Жеті бағытты қамтыған ойын­шық­тарға сиқырлы сандар аймағы («Зияткер»), өмірлік дағдыларды қалыптастыру («Ұлы дала ұланы»), сен­сомоторлық аймақ («Зерделі ұр­пақ»), шығармашылықты дамыту («Ұлы дала сазы»), жаратылыстану («Ғажайыптар әлемі»), тіл дамыту («Тіл – қазына»), туған жер тарихы, этномәдениет («Ұлы дала ұлағаты») топтамалары кіреді. Мұнда қоршаған ортаның элементтері ойыншықтар тілімен түсіндіріліп, баланың таным көкжиегінің артуына ықпал етіп қана қоймай, командада жұмыс істей білуге үйретеді. Мәселен, құрастырмалы киіз үй, шаршы тақтайдағы төрт түліктер жарысы, оюлар бейнесіндегі түрлі мозаика, құрастырмалы домбыра, қобыз, жетіген, сазсырнай құр ойыншық қана емес, алуан түрлі әуендер шыфғаратын кәдімгі аспаптар. Тек көлемі кішкентай әрі сәбидің таным-түсінігіне сай жасалған.

ойыншық.JPG

ойыншык 1.JPG

Балаға бәтеңкені бояп берсең де ойнай береді ғой. Бірақ оның балаға беретін тәрбиесі туралы ойлауды ұмытып жатамыз. Ал біз жасаған ойыншықтар ойнап, тастай салатын дүние емес. Қазір балаларымыз қазақ тілге шорқақ, өз ойын дұрыс жеткізе алмайды. Ұлттық ойыншықтарды құрастырғанда өзінің жатқа айтатын өлең- шумақтары бар. Балалар  ойын барысында оны айтып отырса, тілі жаттығып, сөздік қоры арта түседі,- дейді ол. 

орталык.JPG

Жеті ойыншық топтамасы Астана, Алматы және Ақтөбе қалаларындағы бірқатар балабақшада бар. Бүгінде кәсіпкер ойыншықтардан бөлек, жеке дамыту кабинеттерін жасауды қолға алған. Онда балаға лайықталған, сапалы ағаштан жасалған үстел, орындық, кітап сөресі, ойын алаңы сияқты жиһаздар ұлттық құндылыққа баулиды. 

орталық.JPG

сакен 1.JPG

Біз ұлттық ойыншықтарды балабақшалардың тапсырысымен жасаймыз. Бірақ, кейбір мекемелерде қаржылары болмай жатады. Бұл ақырындап шешілетін дүние ғой. Жақында өз өнімдерімізді жеке сатылымға шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазір ұлттық дүниелер болмағаннан кейін, балабақшаға кез келген, әйтеуір қазақы оюы бар дүниенені қоя салады. Мысалы, тойбастардан қайтқан киіз үйді, сондай тартымсыз дүниелерді  балабақшадағы «Ұлттық бұрыш» деген жерге апарып қойып қояды. Ол ойыншық емес, оның функциясы мүлдем басқа. Балаға қызық емес, сол себепті балалар ұлттық деген дүниеден алшақтай,- дейді Сәкен Болыс. 

Төл ойыншықты заманауи үлгіде жаңғыртып жүрген кәсіпкердің ұл-қыздары да әке ісіне қолғабыс етіп жүр. Қызы Нұрайдың бастамасымен әртүрлі тақырыпқа арналған кітапшалар жасалған.

кітап.JPG

Ойыншық, жиһаздан бөлек, жеті тақырыпқа арналған кітапшаларымыз да бар. Олар ел, аспап, елорда, демалыс, отбасы, мамандық тақырыптарына арналған. Әр бетінде көркемдік суреттер салынып, оны бейнелейтін өлең шумағы жазылған. Қызым бұл бойынша көп  жұмыс істеді. Кітапшаның соңында біздің әлеуметтік желімізге сілтейтін QR код та бар.   Қазіргі кезде балабақшада балаларды үйрететін, жаттауға оңай болатын дүниелер аз. Бұл балабақша тәрбиешісінің ізденісінің аздығынан деп білемін.  Қолдарына іліккен таппақты балаға үйретеді. Осындай жайттар біздің ұлтта балаларға қажетті танымды сөздер мен таппақтар жоқ сияқты көрсетеді. Біздің мақсатамыз- танымды өлең-шумақтар бар екенін дәлелдеу. Өлеңді өзіміз құрастырамыз. Бірақ, оны жазу бір басқа, ал балаға жеткізу бір басқа. Тілі жағымды, оқуға жеңіл әрі эститикалық тартымды болу керек. Қазақтың кітабы өзге ұлттан кем болмау керек,- дейді ол. 

сакен.JPG

Сұхбаттасу барысында кәсіпкер ағамыз Президентіміздің ұрпақ тәрбесі туралы айтқан тұжырымдамасына тоқталып өтті. 

Өскелең ұрпақ тәрбиесіне мән беру өте маңызды. Бұл мәселеге ел саясаты бет бұрып тұр. Бұған дейін «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы керемет болды. Жақында Президентіміз Түркістандағы құрылтайдың екінші отырысында тағы да осы мәселені көтерді. Балалар кітапханасына ерекше мән беру туралы айтылды. Оқитын ұрпақ тәрбиелеу үшін тек кітап қана шығармай, балаларды кітапханаға тартатын шаралар жасау керек деп есептеймін. Айтылған дүниелердің іске асыру үшін халық та жауапкершілік алу қажет. Қазір барлығын осы заманға лайықтап жасауға болады. Президент «Әділетті Қазақстан – адал адам» деді ғой. Ал адал адам деген ол еңбекқор, білімді адам дегенді білдіреді емес пе? Осы айтылған дүниелерді біз өз жобамызда қамтыдық деп есептеймін,- дейді Сәкен Болыс. 

DSC02066.JPG