00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Азаматтық қоғам мен медианың қоғамдағы рөлі талқыланды

27 қараша, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Азаматтық қоғам мен медианың қоғамдағы рөлі талқыланды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада «Азаматтық қоғам мен медиа саласы өкілдерінің өзара қарым-қатынасының қоғамдағы рөлі» тақырыбына дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Жиналғандар азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ, әлеуметтік желілердің жұмысы мен оның қоғамдық келісімге, тұрақтылыққа тигізетін әсерін талқылады. 

«Қоғамдық келісім болмаса кесір де көп болады, кесел де көп болады. Сол келісімге жетудің бір жолы осындай шаралар өткізу, қоғамдағы оқиғаларға үн қатып отыру деп білемін. Біздің басылымда азаматтық қоғам өкілдері, олар ұйымдастыратын іс-шараларды жариялап тұрамыз. Дегенмен жыл бойы үздіксіз шығады деп айта алмаймын. Оған өткізіліп тұрған шаралар арқылы БАҚ-қа уақытында хабар жетпеуі де әсер етеді», - деді "Астана ақшамы" газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр.

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, ҚХА республикалық медиация кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов БАҚ-та жарияланатын хабарлардың ұлтаралық қатынасқа ықпалына тоқталды.

«Қандай да болмасын екі ұлт өкілінің арасында қақтығыс, кикілжің туралы хабар таратқанда міндетті түрде оның ұлтын көрсетіп тұрып жазады. Мұндай хабарды оқыған адамда сол ұлтқа деген ашу-ыза немесе басқа жа жағымсыз сезім туады. Біз бұл мәселені көтеріп жүрміз және бұл бағыта бірталай жұмыстар жасалып келеді. Қазір байқауымша республикалық БАҚ-тарда осындай оқиғалар туралы жазғанда ұлты көрсетілмейді. Ал аймақтардағы БАҚ өкілдері ақпарат таратқанда мұны әлі де ескермейді. Біз қиын-қыстау кезде ата-бабамызбен жарты нанын бөле жеген қазақ ұлтына деген құрметіміз зор. Алдыңғы буын бізге осыны үйретті, көрсетті. Біз де өзімізден кейінгі жастарға осыны ұғындырғымыз келеді»,- деді ол. 

Халықаралық журналистика мектебінің Adjunct Assistant профессоры Алма Сайлауқызы ақпарат таратуда абай болу қажеттігін айтты. Себебі жарық көрген хабарлама бүкіл қоғамға әсер ететін жойқын күшке ие. 

«Цифрлық қоғам, ақпараттық қоғам, ақпараттық соғыс дәуірінде біз түсінетін дәстүрлі ақпарат өзінің өрісін өзгертті. Ақпараттың құндылығы оның салдары туралы жаңа түсініктер қалыптастыратын дәуірге келдік. Кез келген ақпарат қоғамдық пікір туғызады, қоғамдық пікір қоғамдық резонансқа айналып, қоғамдық санаға әсер етеді. Ал қоғамдық сана әрбір іс-әрекетімізде жетекші рөл атқаратын күшке ие болады. Яғни кіп-кішкентай ақпараттың келесі бір адамның өмірін, дүниетанымын өзгерте алатын пәрмені бар», - деді ғалым.

Сондай-ақ жиында әлеуметтік желінің әсері, ондағы қоғамдық тұрақтылыққа қауіп тудыруы мүмкін түрлі жазбалар туралы айтылды. Қатысушылар қандай да болмасын ақпарат таратқанда алдымен оның қоғамға тигізетін әсеріне мән беру қажеттіне назар аударды.