Қазақ тілін білетінімді жетістік санамаймын – Максим Рожин
«Elorda Aqparat» медиахолдингінде журналистер Мәжіліс депутаты Максим Рожинмен кездесті. Депутат қазақ тілін жетік меңгергендіктен, әлбетте, бұл тақырыптан айналып өту мүмкін емес. Десе де Рожин өзінің мемлекеттік тілді білетіндігін жетістік санамайды екен, деп хабарлады Elorda.info.
Мен қазақ тілін білетінімді жетістік санамаймын. Өйткені менде бұл үшін барлық жағдай болды. Мен 6 жаста болғанда отбасым Қаскелеңнен Арыс қаласына көшті. Сол кезде 40-50 мың тұрғыны бар қалада бір орыс болған жоқ. Көшеге шықтым, ешкім орысша білмейді. Сөйтіп, бір жылдың ішінде тіл үйрендім. Бұған анамның да әсері болды. Оның қазақша сөйлей алатынын мен сол кезде бірінші рет көрдім, бұған дейін білмейтінмін. Содан білмейтінімді, түсінбегенімді үйге келіп анамнан сұраймын, ол ненің не екенін айтып береді, - деді депутат.
Әрі қарай ол мектепте де, жоғары оқу орнында да, магистратурада да қазақша оқыған. Журналистикаға келгенде де қазақ редакциясында жұмыс істеген. Бір сөзбен айтқанда, тілді үйренудің бірнеше сатысынан өткен. Оның айтуынша, әркімнің жағдайы әртүрлі. Тілдік орта мен мүмкіндік бірдей емес. Сондықтан «Максим қазақшаға судай, сендер неге сөйлемейсіңдер?» деп өзін өзгелерге үлгі етіп, басқаларды сөгудің де қажеті жоқ.
Біреу акцентпен сөйлей қалса, жабылып сынап тастаймыз. Адамдар тырысып жатыр, керісінше қолдауымыз керек қой. Одан бірден «Абайша сөйле» деп талап етпеуіміз керек. Тілді үйренуші өзі де білетін болар, әлі жетік білмейтінін, жетілдіру керек екенін. Сондықтан түсіністікпен қарау керек. Мәселен, үлкен шенеуніктердің ешкімге білдіртпей қазақ тілі курстарына барып жүргенін білемін, - деді ол.
Осы орайда депутатқа журналист былай деп сұрақ қойды: «Энергетика министрінің қазақша білмейтіні туралы не айтасыз?». Максим Рожин бұған: «Мемлекеттік тілді білу – талап. Ал оны орындау әр адамның өз жауапкершілігінде», - деп жауап берді.
Біз тілді үйренуді өзімізден бастауымыз керек. Әрі бұл үшін тілдік орта қалыптастыру керек. Онсыз бәрі бекер. Мысалы, мен баламды мақсатты түрде қазақша сыныпқа бердім. Ол мектептен үйренуін үйреніп келгенмен, үйдің ауласына шыққан бойда онысын ұмытады. Өйткені ауладағы балалардың бәрі орысша сайрайды. Біз Шымкентте жүргенде қызымның қазақшасы тәуір болып қалған. Бірақ осында келгесін, қазақша мектепке дейінгі орталыққа берсек те, тілді меңгеруі қиынға соқты. Сол баяғы тілдік орта кедергі. Тіпті орталыққа берерде тәрбиешіден сұрадым: «Мұнда қызым қазақша үйренетін шығар», - деп. Тәрбиеші: «Да, конечно», - деді. Мен оған «Сіздің «да, конечно» дегеніңізден-ақ қорқып тұрмын», - дедім. Тағы бір оқиға айтайын, көшеде әжесі мен немересі кетіп барады. Екеуі орысша сөйлесіп келеді. Мен: «Немереңізбен неге қазақша сөйлеспейсіз?» - деп сұрадым. Әжесі өзінің қазақша білетінін, ауылдан екенін, бірақ, амал жоқ, немересінің тілінде сөйлеуге мәжбүр екенін айтты. Сондай-ақ YouTube-те қазақша контенттің жоқтығы балалардың тілді үйренуі үшін кері әсер етеді. Журналистикада жүргенімде шенеуніктердің көбі сұхбатты орысша бергісі келетінін айтады, қызық болғанда, мен оны қазақшаға аударып, эфирге беремін. Өзім қазақ редакциясында жұмыс істедім ғой. Міне, біздегі тілдік орта осындай, - деді Максим Рожин.
Дегенмен депутат кез келген адам қызметті өзінің қалаған тілінде алуы керек деп есептейді. Себебі бұл заңда айтылған, арнайы акт те бар. Бірақ мемлекеттік тіл қазақ тілі бола тұра, қызметкер қазақша қызмет көрсете алмаса, бұл «нонсенс» екенін айтты.
Салтанат МҰРАТҚЫЗЫ