Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақ тілін білуге қойылатын талап жеңілдетілмек

Бүгін, 16:42
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақ тілін білуге қойылатын талап жеңілдетілмек
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстан азаматтығын алу немесе азаматтығын қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тіл мен Конституция негіздерін білуге қатысты қойылатын талаптарға өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұйрық жобасында Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдау немесе азаматтығын қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, Қазақстан Конституция негіздерін және Қазақстан тарихын білу көлемін бекіту туралы Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығына өзгеріс енгізу көзделіп отырғаны айтылған.

Жаңа редакцияда әрбір пән бойынша ең төменгі шекті балға қатысты мынадай түзету енгізу ұсынылған:

-мемлекеттік тілді білу деңгейі – 15 балдан кем емес;

-Конституция негіздері бойынша – 20 балдан кем емес;

-Қазақстан тарихын білу деңгейі – 15 балдан кем емес.

Бұрынғы редакицяда тестілеуде мемлекеттік тілден кемінде 36 балл, ал Конституция негіздері бойынша кемінде 9 балл жинау талап етіледі. Қазақстан тарихын білу деңгейіне қойылатын талап өзгеріссіз қалып отыр.

«Жобаны қабылдау Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткерлерді тестілеудің әрбір пәні бойынша сұрақтар санының максималды тең қатынасын қамтамасыз етуге және шекті деңгейді 10 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.

Жобаны қабылдау әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және (немесе) өзге теріс салдарға әкелмейді, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер етпейді», - делінген бұйрық жобасында берілген түсіндірмеде.