Қаржылық сауаттылық деңгейінің төмендігінен халық қарызға батып жатыр – қаржы сарапшысы


Ұлттық банк мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтар банктерден 41 триллион несие алған. Ол былтырғы жылмен салыстырғанда 22,3%-ға көп. Оның 54% қарапайым халыққа, қалған 46% шағын және орта бизнеске тиесілі. Қазақстандықтардың қарызы неге көбейіп бара жатыр? Қаржылық жағынан тәуелсіз болу үшін не істеу керек? Осы және өзге де өзекті сұрақтарды Elordainfo.kz тілшісі қаржы сарапшысы Ерлан Кәрімовтен сұрады.
«Қаржылық сауаттылық деңгейінің төмендігінен халық қарызға батып жатыр. Экономикалық дағдарыс басталатын болса, қарыздары пайыздан пайызға өсіп, жағдай қиындайды. Оның бірінші себебі қазақстандықтардың тым оптимист көзқарасы. Жұмысшылар үнемі белгілі бір жалақы алып тұрамын деп ойласа, кәсібі барлар табысым жыл сайын өсіп тұрады деп қателеседі», - дейді ол.
Қаржы маманы қазақстандықтардың жіберетін бірнеше қателігін атады.
«Ең негізгі жіберетін қаржылық қателік – тәуекелді есептей алмау. Қазақстан экономикасы шикізат бағасына тәуелді болғандықтан, нарықтық экономикада күтпеген жағдайлар болуы мүмкін. Кез келген адамның жұмысынан айырылып қалған кезде кемінде 6 ай өмір сүре алатындай ақшасы болу қажет. Мысалы 500 мың жалақы алатын болсаңыз, қорда 3 миллион болу тиіс. Осылайша алдыңғы 6 айда жаңа табыс көзін тауып, жағдайды дұрыстап алуға болады. Алайда халықтың көбінде депозит жоқ. Алған жалақылары тұтастай несие, коммуналды қызмет, қарыздарды төлеуге жұмсалып жатыр», - дейді сарапшы.
Сондай-ақ ол Қазақстандағы қаржылық сауаттылық деңгейін орташадан төмен деп бағалады. Қаржы институттарына деген сенімсіздік, бюджетті жоспарлаудағы білімнің аздығы және қаржылық қор құру мәдениетінің жетіспеуі бұл жағдайды қиындата түседі.
«Қаржылық сауаттылық әрбір адамның маңызды дағдысына айналуы тиіс. Табысты басқару, жинақ құру және қаржыны тиімді сақтау – бұл тек байлардың емес, кез келген адамның өмір сапасын арттыратын маңызды әдеттер. Бюджет құрудың ең қарапайым ережесі – адамның табысы мен шығынын есептеуі. Смартфон немесе блокнотқа «табысым осынша, шығыным осынша» деп жазу жеткілікті. Бұл талдау жасап, артық шығыстарды қысқартуға көмектеседі. Тапқан ақшаның 10-20 пайызын депозитке салып немесе сенімді компаниялардың акцияларын сатып алу маңызды. Ал қаржыны сақтауда депозит – ең қауіпсіз тәсілдердің бірі. Үй алу үшін Отбасы банктен шот ашқан жөн. Жыл өткен сайын Қазақстанның Алматы, Астана сияқты ірі қалаларында тұрғын үй бағасы өсіп келеді. Сол себепті жылжымайтын мүлік – сенімді инвестиция көзі», - деп кеңес берді Ерлан Кәрімов.
Сарапшы ірі компаниялардың акцияларын сатып алуға да кеңес берді:
«Отандық ірі қаржылық институттардың қарапайым акцияларын сатып алу – табыс көзінің және қаржыны сақтаудың сенімді тәсілі. Бұл бірден-бір дұрыс инвестиция», - деп пікірін білдірді ол.
Кәрімовтің айтуынша, адамдар кез келген затты сатып алар алдында: «Бұл зат маған қажет пе? Онсыз өмір сүре аламын ба?» деген сұрақтарды қоюы керек. Ол мысал ретінде кейбір адамдар табысына қарамастан, қымбат көлік немесе телефон сатып алатынын айтты.
Сарапшының сөзінше, қаржылық сауаттылық – табыс табудан гөрі оны басқару дағдысы. Әрбір адам өзінің шығындарын есептеп, жинақ құруды әдетке айналдыруы қажет. Бұл тек қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуге ғана емес, сонымен қатар болашаққа сенімділікпен қарауға көмектеседі.
Ақбаян АРАПШАЕВА,
Мақсұт Нәрікбаев университеті
"Журналистика: аналитика және зерттеу" факультетінің 4-курс студенті