Анас Баққожаев: Бүгінде жалпы ішкі өнімнің өсуін мақсат етуіміз керек
Бүгін ҚР Премьер-министрінің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2024 жылғы қаңтар-қарашадағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен Республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды. Экономикалық белсенділікті ынталандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар біршама нәтиже бергені аталып өтті. Бұл туралы Elordainfo.kz сайтына Парламент Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев пікір білдіріп, ел экономикасын әлі де дамыту қажет екенін атап өтті.
Анас Баққожаев елімізде нақты секторға қаржы құйылып, жалпы ішкі өнімнің өсуін мақсат ету қажеттілігін айтты.
«Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім өсімі 4,4 пайызды құрады. Экономиканың өсу қарқынында ауылшаруашылық саласы үлкен орын алып тұр. Биыл 26 млн тонна астық жиналды. Қазіргі жағдайда біз жалпы ішкі өнімнің өсуін мақсат етуіміз керек. Бұл дегеніміз: нақты секторға ақша құю керек»,- деді Парламент Мәжілісінің депутаты.
Оның айтуынша, экономиканы қаржыландыру деңгейі 50 пайыздан төмен болмауы керек.
«Экономиканы дамыту үшін жалпы ішкі өнімді көбейтуіміз керек. Ол қалай көтеріледі? Әрине, инвестицияға байланысты. Соңғы жылдары нақты секторды қаржыландыру жалпы ішкі өнімнің 39,4 пайызы деңгейінде болды. Сырттан инвестицияның келуі - өз алдына мәселе. Біз алтын қорын күшейтіп, инвестиция тартып, алтынмен қамтамасыз етілген облигациялар шығарып, нарықтағы бос ақшаның бәрін экономикаға құюымыз керек. Қазақстанның ішіндегі мүмкіндіктерді өз елімізде жұмсауымыз керек. Алдағы уақытта қажет емес шығындарды үнемдеп, нақты сектордың, яғни кәсіпкерліктің, оның ішінде орта бизнестің дамуын мақсат етуіміз қажет»,- деді Анас Баққожаев.
Сонымен қатар бүгін Үкіметте бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мәселесі қаралды. Парламент Мәжілісінің депутаты теңге бағамының тұрақтануы импортты азайту арқылы ғана жүзеге асатынын айтты.