Қаңтар оқиғасы билік пен қоғам арасында диалог орнату керек екенін түсіндірді – Абзал Құспан
Танымал адвокат, «Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы Абзал Құспан жуырда Парламентте өткен тыңдауда Қаңтар оқиғасына байланысты Комиссияның бір жылдық қорытындысымен таныстырған болатын. Қоғам белсендісі қасіретті қаңтарда орын алған әрекеттердің мемлекеттік төңкеріске бағытталғанын әйгілейтін бірнеше факторларды атап өтті, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.
Барлық өңірде сол жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылармен болған кездесулер нәтижесінде бәріне ортақ бірнеше белгілерді анықтадық. Жаппай тәртіпсіздіктердің бір кезең, бір уақыт аралығында басталуы, арандатушы топтың болуы, олардың ортақ талаптарының болуы. Мысалы, барлық жерде де бейбіт митингке шыққан көпшілікті облыс, қала әкімшілігіне, одан кейін ішкі істер органдарына, қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасауға үгіттеушілердің және бастамашылардың болғаны. Жекелеген жағдайда құқық қорғау органдарының уақытылы қимылдамауы, кейде тіпті мүлдем әрекетсіздік танытуы. Оңтүстік өңірлерде бейбіт митингке қатысушылар бұрын өздері көрмеген, танымайтын, әскери тәртіптегі белгісіз адамдарды байқауы, т.б. Нәтижесінде, әу бастағы бейбіт митингіден жаппай тәртіпсіздікке ұласқан Қаңтар оқиғасының соңы мемлекеттік төңкеріске айнала жаздады. Арада бір жыл өткенде мүдделі топтың осындай қылмыстық мақсаты болғаны анық әрі айқын көрініс табуда.
Қаңтар оқиғасы бізге билік пен қоғам арасында диалог орнату керек екенін түсіндірді. Осыған орай біз Комиссия атынан бірқатар ұсыныстар енгіздік.
1. Қаңтар оқиғасы салдарынан қаза тапқан барлық азаматтардың отбасына материалдық көмек ұйымдастыру. 2. Тергеу және сот процестерінің мейлінше ашық өтуін қамтамасыз ету. 3. Жергілікті жерлерде өңірдің белсенді азаматтарымен қоғамдық институттар арқылы тығыз байланыс орнату. 4. Ескі Қазақстан кезінде негізсіз айыпталған азаматтардың істерін қайта қарап, сот әділдігін қамтамасыз ету. Сол арқылы біз қасіретті Қаңтар сияқты оқиғалардың алдын алып, әділетті Қазақстан орнату мақсатына бір табан жақындай түсетін боламыз, – деді А.Құспан.