00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Төлен Әбдікұлы: Кездескеннің бәрі «Өліараның» жалғасын сұрайды

31 наурыз, 2023
Ғани Атымтай Ғани Атымтай
Төлен Әбдікұлы: Кездескеннің бәрі «Өліараның» жалғасын сұрайды
ашық дереккөз

Күні кеше Қостанайда қазақтың көрнекті жазушы-драматургы, аудармашы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдікұлының «Адалдық алаңындағы бәйтерек» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.

Қазақ әдебиетіне өзгеше өрнегімен, бөлекше болмысымен келген қаламгер, «адам жанының археологы» атанған терең ойлы, биік парасатты жазушы биыл 80 жасқа толды.

Осы мерейтойына орай туған өңіріне арнайы келіп, жерлес оқырмандарымен шығармашылық кездесу өткізді. Бұл облыс көлемінде өткен Қазақ әдебиеті апталығы аясындағы ең сүбелі іс-шаралардың бірі болды. Рухани кеш І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры сахнасында өтті. Кешті белгілі ақын, Жазушылар одағының мүшесі Абылай Мауданов жүргізіп отырды.

Қаламгер ұлт руханияты, қазақты толғандырған түйткілдер, әлем назарындағы мәселелер туралы салмақты ой-пікірлер айтты.

Адам, адамның жан-дүниесі, рухани құндылығы, оған әсер ететін қоғам психологиясы, содан келіп сезілетін дәуір тынысы, бір арнада тоғысып жататын мистика мен реализм – Төлен шығармашылығының өзегі мен жұлыны тәрізді. Көп оқырман оның прозасы ұлтқа және адамзатқа арналған туындылар болып екіге бөлінуге сұранып тұратынын айтумен келеді.

Шығарма жазып отырған кезде «мынаны – қазаққа, мынаны – әлемге» деп ойламайсың. Қай заманда да жалпы адам баласына қажетті ортақ құндылықтар бар ғой. Соған сүйенесің. Мысалы, «Тозақ оттары жымыңдайдыны» айдаладағы Бразилия үндістерін тарихта қалдырайын деп жазған жоқпын. Қазақ халқының басындағы трагедияны тура жаза алмағаннан кейін тағдырлас ұлттар өмірін пайдаланып, сол арқылы қаншалықты қасірет шеккенімізді көрсетуді ойладым. Бірақ оны басқа елдер де ұқсастық тауып, қызығып оқуы мүмкін, - дейді жазушы.

Шынымен де ол – шығармаларын алаламай, бөле-жармай оқуға тұрарлық ерекше жазушылардың бірі. Төленді «интеллектуалды проза иесі» деп бағалайтындар көп. Олардың қатары қалыңдай түспесе, сиремейтіні де күмәнсіз. Қаламының желісін аңдып, әр шығармасын қалт жібермейтін жас та, жасамыс та жетерлік. Мәселен, жазушының ең көлемді романы «Өліараның» жалғасын тағатсыз тосып жүргендер бар екен.

Кездескеннің бәрі «Өліараның» жалғасын сұрайтын болды. «Қалай аяқталады?» деп жатады. Екінші тарауын бастап қойғаныммен, әлі аяқталған жоқ. Шығарманы жақсы білетіндер болса, басты кейіпкерлерін жақсы танулары керек. Кеңес заманы құрмет көрсетуге лайықсыз адамды төрге шығартып, құрметтіңді қадірлеуге жол бермейтін кереғар кезең болды ғой. Романдағы Бәйтен барын, жарын тартып алған Нұрбекке өмір бойы қызмет етуге мәжбүр болды. Қатал, қатыгездігін көп көрді. Енді шығарманың жалғасында олар Алматыда кездеседі. Кейін Нұрбек қайтыс болғанда өмір бойы қорлық көрсе де Бәйтен оның құлпытасына барып егіліп жылайды. Қалай болғанда да ол өмірінің мәні еді. Өйткені өмір күрестен тұрады ғой... Қысқасы, осылай аяқтаймын. Эскиздерін сызып қойдым. Толық жазып шығуға уақыт керек, - деп жауап берді жазушы жанкүйерлерін мазалаған бір сұраққа.   

Төлен Әбдіктің айтуынша, жаһанданудан қорқудың қажеті жоқ.

Бізді қорқытқан – кеңес үкіметі. Олар еуропалық мәдениет ішке кіріп кете ме деп «темір шымылдық» орнатып, «іріп-шіріп жатқан жұрт» деп кері насихат жүргізумен айналысты. Оның бәрі - өтірік. Айталық, операның, симфонияның, театрдың келуі – бәрі жаһандану жемісі емес пе. Одан қазақ болмай қалған жоқпыз. Көкжиегіміз кеңейді. Осылай мәдениет ары қарай дами беруі керек. Ал қазақ қайтсе аман қалады десеңіз, тіліміз сақталуы керек. Ана тіл тұғырға қонса, көп дүние өздігінен жөнделеді. Қазір интернетті ашып қалсаң, толған қиялилық, қазақ орта ғасырда отырғандай сөйлейді. Бүгінгі заманның адамы болып ойлау керек қой. Кері тартпай, ғылым, технология тілін меңгеру керек. Өсіп-өнген елдерден үлгі алып, адамзатқа бір үлес қосуға ұмтылуымыз қажет, - деп шешіле сөйледі қаламгер.

Кеш барысында жазушының «Ер Сейіт пен қыз Бәтіш» шығармасының желісімен сахналанған «Өтелмеген парыз» атты қойылымнан үзінді көрсетілді.

Сондай-ақ Төлен Әбдікұлы «Сенің көзің» атты өлеңін оқып берді. Жергілікті өнерпаздар ән шырқаса, қаламгер жиналғандардың сұрауымен күй тартып берді.

Облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов мерейтой иесінің иығына шапан жауып, естелік сыйлық табыс етті.