Үкімет бірінші жартыжылдықтағы инфляция қорытындысын жариялады

8 шілде, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Үкімет бірінші жартыжылдықтағы инфляция қорытындысын жариялады
Фото: Үкімет

Өткен сенбіде Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы инфляция деңгейі мен баға тұрақтылығының көрсеткіштері қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баға өсімі баяулап келеді

Жиын барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша оң өзгерістер байқалғаны атап өтілді. Ерте піскен өнімдерді жаппай жинау науқанының басталуымен бағаның өсуі тоқтап қана қоймай, бірқатар тауарлар арзандай бастаған.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың мәліметінше:

Сәуірде әлеуметтік өнімдердің орташа баға индексі – 1,6%;

Мамырда – 1,0%,

Маусымда – 0,7%-ға дейін төмендеді;

Соңғы аптадағы өсім небәрі 0,1% болды.

Бірқатар өнімдердің нақты арзандауы тіркелді:

Картоп бағасы қатарынан үш аптада 1,3%-ға төмендеді;

Сәбіз 0,9%-ға арзандады;

Күріш, қарақұмық, жұмыртқа, ұн мен макарон өнімдерінің бағасы төмендеді;

Нан мен сүт бағасы тұрақты.

Азық-түлік өндірісі өсіп келеді

2025 жылдың алғашқы 5 айында отандық азық-түлік өндірісі 10,5%-ға артып, 1,5 трлн теңгені құрады. Өсім көрсеткен негізгі өнімдер:

Қызылша қанты: 4,6 мың тоннадан – 64 мың тоннаға дейін;

Өсімдік майы: 316,3 → 376,8 мың тонна;

Сары май: 13 → 15 мың тонна;

Ұн: 1,3 → 1,4 млн тонна;

Өңделген сүт: 264 → 274,6 мың тонна.

Қазақстан – азық-түлік бағасы ең төмен елдердің қатарында

Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы салыстырмалы бағалау бойынша Қазақстан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігі жөнінен көш бастап тұр.

Мәселен, тауық жұмыртқасы, ұн, нан, күнбағыс майы, тұз, күріш, картоп, қырыққабат, пияз және сәбіз бағасы – ЕАЭО елдері ішіндегі ең төмен деңгейде.

Қарақұмық, қант, сиыр еті, сүт бағасы – Беларуське жақын;

Сары май – Беларусь пен Қырғызстаннан кейін үшінші орында;

Құс еті – Беларусь пен Ресейден кейін үшінші орында.

Коммуналдық тарифтерге шектеу енгізілді

2025 жылдың алғашқы алты айында инфляция өсімінің негізгі драйвері ақылы қызметтер тарифі болды – 16,1%.

Үкімет бұл жағдайға байланысты:

Коммуналдық қызметтер тарифінің өсу қарқынын шектеу туралы шешім қабылдады;

Тарифтердің көтерілуін уақытша кейінге қалдырды.

Бұл шара халықтың қаржылық жүктемесін азайтып, инфляцияны тұрақтандыруға бағытталған.