Қайтарылған активтер: Үкімет Қарағанды облысының су құбыры желілерін салуға 5,1 млрд теңге бөлді

12 шілде, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қайтарылған активтер: Үкімет Қарағанды облысының су құбыры желілерін салуға 5,1 млрд теңге бөлді
Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысының инфрақұрылымды дамыту және халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан Қарағанды облысында су құбыры желілерін салуға және реконструкциялауға 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қаржыландыру қайтарылған активтер қаражаты есебінен жүзеге асырылады. 

Жобалар облыстың бірнеше елді мекендерінде – Қарағанды қаласында, Тихоновка, Садовое, Колхозное, Ақтерек, Әлихан ауылдарында, сондай-ақ Көктенкөл стансасында жүзеге асырылуда.

Су құбыры желілерін салу және реконструкциялау жұмыстары олардың тозу деңгейінің жоғары болуына байланысты қолға алынған. Көптеген желілер ондаған жылдар бойы күрделі жөндеусіз пайдаланылып, апаттар мен су беру үзілістеріне, тұрғындардың шағымына себеп болып келген. Барлық жұмыстарды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Бүгінде Қазақстанда елді мекендерді кезең-кезеңімен ауыз сумен қамтамасыз ету жоспары жүзеге асырылып жатыр. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, Қарағанды қаласы тұрғындары ауыз сумен 99,4%, ал ауылдар халқы 97,9% қамтылған.