Eлімізде көші-қон процестерін есепке алудың Бірыңғай цифрлық платформасы енгізіледі

Бүгін, 13:47
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Eлімізде көші-қон процестерін есепке алудың Бірыңғай цифрлық платформасы енгізіледі
Фото: Үкімет

Премьер-министр 2025 жылдың 1 қарашасына дейін барлық дерекқорларды толығымен интеграциялай отырып, көші-қон процестерін есепке алудың Бірыңғай цифрлық платформасын енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Үкімет отырысы барысында Премьер-министр Олжас Бектенов көші-қон процесстерін ашық және дәл есепке алуды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

«Айта кету керек, соңғы 2 жылда Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктердің саны бір жарым есеге артқан. Заңды бұзу фактілері де бар.
Мәселен, осы жылдың мамыр айында жедел профилактикалық шаралар барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 7 мыңнан астам фактісі анықталды. Мұндай жағдайлардың уақтылы жолын кесу керек.
Ол үшін цифрлық құралдарды белсенді түрде енгізу қажет. Мигранттардың қозғалысын жүйеге келтіріп, толыққанды мониторинг жүргізу үшін шекарадан өткен кезде берілетін көшіп-қонушының ID-картасын енгізу жұмысын жеделдеткен жөн», 
— деп атап өтті Олжас Бектенов.

Еңбек және цифрлық даму министрліктеріне осы жылдың 1 қарашасына дейін барлық дерекқорларды толығымен интеграциялай отырып, көші-қон процестерін есепке алудың бірыңғай цифрлық платформасын енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды.