Ел экономикасы 6 айда 6,2 пайыз өсім көрсетті – Серік Жұманғарин


Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында жылдың 6 айында ел экономикасы 6,2 пайыз өсім көрсеткенін мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 6,2% - ға жетті, алғашқы бес аймен салыстырғанда 0,2 пайыздық тармаққа жеделдеді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі қарқыннан жоғары және соңғы 12 жылдағы ЖІӨ өсуінің ең жоғары көрсеткіші», - деді ол.
Оның сөзінше нақты сектордағы өсім 8% болып, қызметтер өндірісі 5,2% өскен.
«Негізгі драйверлер – көлік және құрылыс салалары. Сауда жанданып, тау-кен өнеркәсібі 8,4%, өңдеу секторы 5,5%, ауыл шаруашылығы 3,7% өсіп отыр», - деді Серік Жұманғарин.
Бұған дейінгі ресми деректерде 2025 жылдың 4 айында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6% өсім көрсеткені айтылған еді. Бұл көрсеткіш қаңтар–наурыздағы (5,6%) өсімнен жоғары және өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (3,4%) екі есе жуық артты.



