Елорданың Алматы және Байқоңыр аудандарына жаңа әкім тағайындалды
40 жастағы Нұрбол Нұрсағатов Президент Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Алматы ауданының әкімі болып тағайындалды.
Ол 2004-2005 жылдары ҚР Индустрия және сауда министрлігі Құрылыс комитетінің жетекші маманы, бас маманы болып жұмыс істеді. 2005 жылдан 2008 жылға дейін Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы, бөлім басшысы, директордың орынбасары болып жұмыс істеді. 2008-2011 жылдары Астана қаласы әкімдігінің құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болды. 2011-2012 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2014-2019 жылдар аралығында Нұрбол Нұрсағатов ШҚО әкімдігінің көлік және автомобиль жолдары басқармасының, Алматы қаласы әкімдігінің құрылыс басқармасының және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы болып жұмыс істеді. Соңғы екі жылда Байқоңыр ауданының әкімі болып жұмыс істеді.
Нұрбол Нұрсағатов – меритократия қағидатына сәйкес жетекші маманнан аудан әкіміне дейінгі жолды өткен тәжірибелі маман. Мемлекеттік қызметтегі жалпы еңбек өтілі 17 жылды құрайды.
ҚР ПӘ және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Байқоңыр ауданының әкімі болып 43 жастағы Ерлан Жаулыбаев тағайындалды, ол тағайындалғанға дейін үш жыл бойы Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Еңбек жолын 2001 жылы Қостанай Бизнес және құқық колледжінің зертханашысы лауазымынан бастады. 2004-2005 жылдары- Қостанай облысы әкімі аппаратының бас маманы. 2005-2011 жылдары Қостанай облысының жұмылдыру дайындығы және ТЖ басқармасында, Астана қаласының Жұмылдыру дайындығы және ТЖ басқармасында бас маман болып жұмыс істеді. Сондай-ақ әр жылдары Қостанай облысы Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары, «Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметтерін атқарды. 2017-2018 жылдары-Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары. 2018-2021 жылдары Нұр-Сұлтандағы Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Жалпы еңбек өтілі 20 жылдан асады.