Жаңа спорт туралы заң: не өзгереді – Асхат Аймағамбетов

Бүгін, 12:22
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жаңа спорт туралы заң: не өзгереді – Асхат Аймағамбетов
Фото: фото: instagram.com/aimagambetov

Президент дене шынықтыру және спорт саласындағы жаңа заңға қол қойды. Бұл тек кәсіби спортшыларға ғана емес, баласын спортқа беріп жүрген ата-аналарға, салауатты өмір салтын ұстанатын барша азаматтарға қатысты маңызды құжат. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңа заң туралы осылай дей келе, заң жобасындағы өзгерістерге тоқталып өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Біздің Комитет депутаттары осы заң жобасымен ұзақ әрі мұқият жұмыс істеді.
Қандай өзгерістер бар?
• Легионерлерді қаржыландыруға бюджеттен де, квазимемлекеттік сектордан да (мысалы, «Самұрық-Қазына») тыйым салынады. Қаражат өз спортшыларымызды қолдауға жұмсалады.
• Ұлттық спорт түрлері (қазақша күрес, асық ату, көкпар және т.б.) басым бағыттар тізіміне ресми түрде енді.
• Бұқаралық спорт — негізгі басымдық болады.
• Спорт саласында тік басқару жүйесі енгізіледі — министрліктен акиматқа дейін бәрі бір жүйемен жұмыс істеуі керек.
• Спорт федерациялары республикалық құрылыммен байланысты болуы тиіс — бұл тәртіп пен тиімділік үшін қажет.
• Спорт мекемелерінің басшылары енді ротация арқылы тағайындалады — «мәңгілік» бастықтар болмайды. (Мұндай жүйе мектеп директорларына қатысты да енгізілген.)
• Мүгедектігі бар спортшыға еріп жүретін адамның шығыны мемлекет есебінен өтеледі. Бұл да біздің депутаттардың бастамасы.
• Әр спорт түрі бойынша жас шектеулері нақты белгіленді — бұл балалардың қауіпсіздігі үшін маңызды.
• Ұлттық спорттық дайындық стандарттары енгізіледі.
• Антидопинг ережелерін бұзғандарға қатысты жауапкершілік күшейтіледі.
• Бюджет енді нақты басым спорт түрлеріне бағытталады — қаражат әр тарапқа шашылмайды.
• Спорт ұйымдарына ақылы қызмет көрсетіп, табыс табуға мүмкіндік беріледі — бұл қаражат сол ұйымның есебіне түседі.
• Спорттық медицинаның жұмысы нақты заңмен реттелді.
Бұл заң — әділеттілік пен дамудың негізі.