Спортшы Әмір Маймұратов: Менің ең басты қарсыласым – өзім
Париж Олимпиадасында құзға өрмелеу спорты екінші рет енгізіліп отыр. 3 жыл бұрын ғана Токио Олимпиадасынан бастау алған бәсекеден биыл Қазақстан атынан Әмір Маймұратов бақ сынайды. Elorda.info тілшісі төртжылдықтың басты додасында бақ сынайтын спортшымен сұхбаттасты.
Құзға өрмелеу спорты Токио Олимпиада бағдарламасына кіргізілетіні жайлы шешім 2017 жылы ғана белгілі болды. Сол сәттен бастап елімізде спорттың бұл түріне назар аударыла бастады.
Ең алғаш 2018 жылы Джакартада өткен жазғы Азия ойындарында құзға өрмелеуден жүлде үлестірілді. Алайда жылдамдық сайысында Әмір Маймұратов ¼ финалға дейін ғана жете алды. 2023 жылы Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында Әмір тағы да ширек финалда сүрінді.
Құзға өрмелеу спорты Токио Олимпиадасына алғаш рет енгенімен, Париж Олимпиадасында бағдарламалар 2-ге бөлінді. Бұл қаншалықты тиімді?
-Токио Олимпиадасында құзға өрмелеуден «жылдамдық», «қиындық», «боулдеринг» дисциплиналары бойынша жалпы ұпай есептеліп, жүлдегерлер анықталды. 3 жыл бұрын бірінші рет Олимпиада бағдарламасына енгенімен, спортшылар тарапынан сынға көп ұшырады. Өйткені әр спортшының өзіндік мықты тұстары бар. Осыны ескере отырып, ұйымдастырушылар Париж Олимпиадасында «жылдамдық» дисциплинасын жеке бөлінді. Бұл сайыс түрі өзіме ыңғайлырақ.
Токио Олимпиадасына не себепті қатыспадыңыз?
-Токиода құзға өрмелеудің мүлде басқа түрі ұсынылды – көпсайыс, онда жылдамдық қосалқы рөл атқарады. Өздеріңіз білетіндей, менің басым тұсым - жылдамдық.
Құзға өрмелеу жылдамдық сайысы бойынша небары 14 спортшы сынға түседі. Әлемдік деңгейдегі кей мықтылар өтпей қалды ма? Аз спортшының болуы жүлде алу мүмкіндігін қаншалықты арттырады?
-Іріктеу кезеңі өте қиын болды. Мысалы, Токио Олимпиадасына ең көп лицензия әлем чемпионаты арқылы үлестіріліп, 7 жолдама берілген еді. Салыстырмалы түрде былтырғы әлем чемпионатында тек финалистер ғана лицензияны жеңіп алды. Әлем чемпионатының қола жүлдегері, отандасымыз Ришад Хайбуллин жартылай финалға дейін жетті. Әрине, 14 спортшының қатарына кірудің өзі үлкен көрсеткіш.
Сіз Париж Олимпиадасының жолдамасы үшін неше жарысқа қатыстыңыз?
-2023 жылы Швейцарияның Берн қаласында өткен әлем чемпионатына барғаным психологиялық жағынан дұрыс болмады деп есептеймін. Ал қараша айында Индонезияда ұйымдастырылған құрлықтық іріктеу турнирінде 1/8 финалда ирандық спортшымен сайысқа түсіп, соңғы сәтте аяғым тайып кетті. Биыл Шанхай (Қытай) мен Будапешттегі (Венгрия) әлемдік серияның қорытындысы бойынша 3-орынға ие болып, жолдама бұйырды.
Сізді бапкерсіз жаттығады деп естідік?
-Әрине, шындығына келгенде, кез келген спорт түрінен жаттықтырушымен айналысқан жөн. Бірақ, Қазақстанда спорттық⠀құзға өрмелеу онша дамымағаны белгілі, сондықтан өкінішке қарай, қазір ұлттық құрама спортшыларының қателіктерін түзеп, өрмелеуді жетілдіретін білікті бапкерлер жетіспейді.
2-3 күннен бері әлеуметтік желіңізде «Олимпиада чемпионы» деген жазуыңыз қоғам назарын аудартты. Бұған не дейсіз?
-2019 жылы әлеуметтік желідегі парақшама «2024 жылғы Олимпиада чемпионы» деп жазып қойдым.⠀Әрине, ол кезде мұны өз қабілеттеріме сенімді болғандықтан және өзіме мотивация болу үшін жаздым. Менің басты қарсыласым – өзім, менде алтын медаль алу үшін барлық мүмкіндіктер бар деп ойлаймын.
Айта кетейік, құзға өрмелеуден «жылдамдық» сайысы 6-8 тамыз күндеріне жоспарланған.