Садақшылар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр
Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама спортшылары Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр. Садақшылар дүбірлі додада сайыс өтетін алаңда, яғни «Қазанат» ипподромында шеберліктерін шыңдап жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама бас бапкері Диас Ахметовтің айтуынша, бүгінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өтетін дәстүрлі садақ ату сайысына қатысуға 35 мемлекеттен өтініш түскен.
«Қазір аккредация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Байрақты бәсекеде Түркия, Малайзия, Қырғызстан, Венгрия, Ресей сынды мемлекеттердің садақшылары жақсы өнер көрсететіні белгілі. Дегенмен, біздің спортшыларымыз өздерінің мықтылығын дәлелдейтініне сенімдімін», - дейді ол.
Көшпенділер ойындарына деген дайындықтары жайлы дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшелері де айтып берді.
«Бұл бәсеке біздің алаңда өтетін болғандықтан мойнымызда зор жауапкершілік бар екенін білеміз. Ал сайыс өтетін алаңда жаттығу біз үшін жақсы мүмкіндік. Өйткені бұл жерді толық зерттеп, климатын, жел жылдамдығын, нысананың орналасуы сынды маңызды тұсттарды түртіп алып жатырмыз», - деп атап өтті садақ атудан ұлттық құрама мүшесі Бақберген Сәлімов.
«V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына өте аз уақыт қалды. Әрине, біз дайындығымызды қыздыра түстік. Менің ойымша, байрақты бәсеке елімізде өтетіндіктен, міндетті түрде көпшілікті алтынмен қуантамыз», - дейді садақ атудан ұлттық құрама мүшесі Ажар Рахметқызы.
Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда.