Нұрсұлтан Алтынбек: Әлем кубогындағы әр қарсыласым оңай болмады


Бокстан World Boxing ұйымының қолдауымен Бразилияда өткен әлем кубогының бірінші кезеңінде Қазақстанның ерлер құрамасы 2 алтын, 2 қола жүлде жеңіп алды. Осы орайда 55 келіде 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатының 2 дүркін жеңімпазы Нұрсұлтан Алтынбек ерекше көзге түсіп, бас жүлдені иемденді. Осы орайда Elordainfo.kz сайтының тілшісі боксшымен хабарласып, пікірін білді.
- Бас бапкер Бразилияда өткен Әлем кубогына бірінші нөмірлі емес, өзге боксшыларға баруға мүмкіндік берді. Бұл құрам қалай іріктелді? Сіздің баратыныңыз қашан белгілі болды?
⁃ 2025 жыл басталғалы бері ұлттық құраманың боксшылары Испания, Сербия, Болгария сынды мемлекеттерде өткен халықаралық турнирлерде бақ сынап үлгерді. Бұл жай жарыс ғана емес. Бас бапкер Қайрат Сәтжанов әр бәсекені талдап, сыртта жақсы жұдырықтаса алатын спортшыларды іріктеп алды. Жеке өзіме келетін болсақ, биыл ақпан айында Сербиядағы Belgrade Winner турнирінде чемпион атандым. Бапкер Әлем кубогына 2 апта қалғанда, қорытынды тізімді жариялады.
- Қазақстан World Boxing ұйымының алғашқы ірі турниріне қосалқы құрамды жіберді. Бұл жайтты көптеген жанкүйерлер теріс қабылдап, алтынсыз қалатын болдық деп наразылығын айтып еді. Сіздерге жүлде алу жағынан қандай да міндет қойылып па еді?
⁃ Біріншіден, мүмкіндік беріп, шетелдегі ірі жарыста өз күшімді тексеруге мүмкіндік берген бапкерге алғысымды айтамын. Қазақ боксы әлемде үздіктердің қатарына кіретіндіктен, қандай жарыс болмасын, алтын алуға міндетті деп санаймын. Мен де қазақтың көк туын желбіреткеніме қуаныштымын.
- Бокс бәсекесі шалғайдағы Фос-ду-Игуасу (Бразилия) қаласында өтті. Уақыт жағынан да айтарлықтай айырмашлық бар. Бейімделу жағынан қиындық болды ма? Бразилиядан алған әсеріңіз қалай?
⁃ Бразилия өзге құрлықта орналасқан. Климаты мүлде өзгеше. Уақыт жағынан 9 сағат айырмашылық бар. Сондықтан Бразилияға 1 апта бұрын барып, түрлі елдердің спортшыларымен оқу-жаттығу жиынын өткіздік әрі жергілікті жерге бейімделдік.
- Кейінгі кезде көршілес өзбек боксшыларын жеңу өте қиын міндеттердің біріне айналды. Сізге 2019 жылғы әлем чемпионы Миразизбек Мирзахалиловпен өткен айқас осы жарыстағы ең қиын айқас болды ма? Жалпы додадағы қарсыластарыңызды қалай бағалайсыз?
⁃ Менің салмағымда 12 боксшы жүлдеге таластық. Әлем кубогындағы әр қарсыласым оңай болмады. Жеребенің нәтижесі бойынша алғашқы айналымда Париж Олимпиадасының қатысушысы, жарыс қожайыны Майкл Триндадты, 1/4 финалда Франция чемпионы, 19 жастағы Билал Беналиді, жартылай финалда үнді спортшысынан басым түсті. Финалда өзбек боксшысымен жолым түйіссе де, атағынан еш қаймықпай, бапкерлердің ақыл-кеңесінің арқасында жеңісті жұлып алдым.
- Қазақстанда 55 келіде басты фавориттердің қатарына кіресіз. Алайда 2024 жылғы Қазақстан чемпионатында күтпеген жерден есе жіберіп, ұлттық құрамаға ене алмадыңыз. Сол сәт сізге ауыр соқты ма? Қандай сабақ алдыңыз?
⁃ 2024 жылдың желтоқсан айында Қарағанды қаласында ұйымдастырылған Қазақстан чемпионатында белгілі бір себептермен бірінші айналымда жарыс жолын аяқтадым. Бірақ бұл алға деген ұмтылысыма кедергі болмады.
- Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов 55 келіге ауысуға шешім қабылдады. Онсыз да бұл салмақта сен тұр, мен атайын дейтін боксшылар біршама. Сіз бұл жайтты қалай қабылдадыңыз? Бәсекелестік бойынша ойыңыз?
⁃ Иә, бұл ақпаратты естідім. Жеке өзім жақсы қабылдадым. Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан және т.б. мықтылар жиналған жерде міндетті түрде өсім болады. Осылардың арасынан тек ең мықтысы ғана шетелдік ірі додаларға бара алады.
- Әлем кубогының алғашқы кезеңі аяқталды. Енді алдағы жоспарыңыз қандай?
⁃ Әлем кубогының алғашқы сәтті өтті. Енді келесі кезеңдерде сәтті өнер көрсетуге барымды саламын. Алда Азия чемпионаты, әлем чемпионаты, жазғы Азия ойындары бар. Ең бастысы - 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына тыңғылықты дайындықпен бару.



