Мадина Жомартова: Мен үшін әлем чемпионатының орны бөлек
Республикамыз өз дербестігін жариялаған жылдарда еліміз спорт саласында да елеулі жетістіктерге жетті. Көк байрағымыз әлемдік ареналарда желбіреп, саңлақтарымыз талай жеңіс тұғырынан көрінді. Солардың бірі, белбеу күресінен әлем чемпионы Мадина Жомартова отандастарын Ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады, деп хабарлады Elorda.info.
Мадина Болатқызы көпбалалы отбасының тұңғышы. Кішкентайынан спортты жанына серік еткен қайсар қыз бүгінде белбеу күресінен спорт шебері, Қазақстанның екі дүркін чемпионы. Ол жақында әлемдік додадан чемпион атанып келді.
-2018 жылдан бастап түрлі жарысқа, алуан турнирлерге қатыса бастадым. Мәселен, 2018 жылы Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы Рафик Валиев атындағы турнирде жүлделі 2-ші орынды иелендім. Одан кейінгі маңызды жарыстардың бірі, бұл – 2022 жылы өткен Қазақстан чемпионаты. Сол жылы мен жарыстың 3-орын иегері болдым. Биыл жасөспірім арасында чемпионат болды. Бұл сайыста жүлделі 1-ші орынды жеңіп алдым. Бұл жеңіс маған әлем чемпионатына қатысуға жол ашып, үлкен спорт додасына жолдама берді. Сөйтіп, жақында Тәжікстанның Худжант қаласында өткен әлем чемпионатына қатысып, өзім көптен бері мақсат еткен жеңіс тұғырына көтерілдім. Яғни, белбеу күресінен жүлделі 1-орын иегері атандым, - деді әлем чемпионы Мадина Болатқызы.
Жас спортшы осыған дейін талай боз кілемде белдесіп, қарсыластарының арқасын жер иіскетіп жүрсе де, ол үшін осы әлем чемпинатының орны бөлек. Өйткені жеңіске жету жолында бұрынғыдан да көп тынбай еңбек етіп, моншақтататып тер төкті.
-Спортшыны биік шыңға шығаратын, бұл - күнделікті жаттығулар. Қарсыласыңды жеңу үшін, әуелі, өзіңді жеңуің керек. Аталған әлемдік додада мен 52 кг салмақта бақ сынайтын едім. Оған дейін бірнеше кг салмақ тастауға күш салдым. Қиындық та болды, уайым да аз болмады. Десе де күнделікті жаттығуды жібермей, шынықтым. Жарысқа бір ай қалғанда жаттығудың қалыпты жағдайын тоқтатып, жүктемені екі есе көбейттім. Бұған жаттықтырушыларымның да еңбегі сіңді. Сондай-ақ ата-анамның көп қолдауын сезіндім, - деп спортшы жеңіске жетудегі қадамдарын айтып берді.
Одан да биік белестерге жетуді мақсат тұтқан әлем чемпионы Мадина Жомартова барлық қазақстандықтарды басты мерекеміз – Республика күнімен құттықтады.
Қазақ елін 25 қазан – Республика күнімен құттықтаймын! Еліміздің көк туы әлемдік ареналарда желбірей берсін! Бірлігіміз бекем болып, берекеміз арта берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!- деп тіледі спортшы.