00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінде шабандоздар 500 шақырымға жарысады

26 шілде, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінде шабандоздар 500 шақырымға жарысады
Фото: дереккөз

Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында 3-7 қыркүйек аралығында алғаш рет «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі өтеді, деп хабарлады Elorda.info.

Ауқымды спорттық шараға 10-нан астам елден командалар қатысады деп күтілуде. Иран, Түркия, Венгрия, Қырғызстан, Оңтүстік Африка Республикасы Ресей Федерациясының және т.б. елдердің шабандоздары дүбірлі додада бақ сынайтын болады.

Атап айтсақ, Қырғызстан құрамасы «Ұлы дала жорығына» қатысатын ең үздік аттарды іріктеу мақсатында көпкүндік ат спорты марафонын өткізді.

Қырғызстан Ат спорты федерациясының вице-президенті Манас Сұлтанов «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне шақыруды қабылдау үлкен мәртебе екенін айтты.

«Қазақстанда өтетін көпкүндік ат жарысына дайындық аясында 300 шақырымдық қашықтыққа «Кочмондор журушу» іріктеу марафоны өтті. Барлық командаларға сәттілік тілеймін және жеңімпаздардың көп болуын қалаймын. Ең төзімді және жылдам сәйгүліктер жеңіске жетіп, тұғырдан көрінетініне сенімдімін», - деді М.Сұлтанов.

Марафон-бәйге 5 мың жылдан астам бұрын адам баласы жылқы малын  алғаш рет қолға үйреткен Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай елді мекенінде 3 қыркүйекте бастау алады.

«Ұлы дала жорығына» Кабардин-Балқар Республикасының құрамасы да қатысуға дайындалуда. «АМД Кавказ» ат спорты клубының негізін қалаушы Ахъед Махов қазақстандық ат жарысына қатысуға шақырту алғанын айтты.

«Марафон-бәйгенің бүкіл адамзат үшін киелі мекен саналатын Ботай қонысынан басталуы ерекше маңызды. Біздің команда аңыздар мен тарихи жәдігерлерге толы Ботай жеріне баруға ерекше ынталы. Олай болса, күт бізді, Қазақстан!», - деп атап өтті А.Махов.

Айта кетейік, ат жарысы Астанада 7 қыркүйекте аяқталады. Оның жеңімпаздары 8 қыркүйекте өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысады.