Ермек Маржықпаев шаңғышы Владимир Смирновпен кездесті
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев шаңғы спортынан 1994 жылғы Олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы, Олимпия ойындарының 4 мәрте күміс және екі мәрте қола жүлдегері, КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы Владимир Смирновпен кездесті, деп хабарлады Elorda.info.
Кездесуде министр даңқты шаңғышыны Қазақстан шаңғы спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті лауазымына тағайындалуымен және Тәуелсіз Қазақстан тарихында қысқы Олимпия ойындарындағы алғашқы алтын медалін жеңіп алғанына 30 жыл толуымен құттықтады.
Бүгінгі таңда шаңғы спорты еліміздің 14 аймағында қарқынды дамып келеді. Қазақстан бойынша оқу-жаттығу жиындарын өткізетін 125 база және жарыстарды өткізуге арналған 4 шаңғы стадионы бар. Дегенмен шаңғы жарысы бойынша Қазақстан құрама командасының нәтижелері көңіл көншітерлік деңгейде емес.
«Сіздің халықаралық аренада жиған тәжірибеңіз, аталған спорт түріне деген көзқарасыңыз еліміздің шаңғы спортын жаңа жетістіктерге, биік белестерге жетелейтініне сенімдімін. Келесі жылы Қытайдың Харбин қаласында өтетін қысқы Азия ойындарының басталуына 9 айдан, Италиядағы қысқы Олимпиадаға екі жылдан аз уақыт қалғанын ескере отырып, Азия ойындары мен Олимпиадада медальдардан үмітті әлеуетті көшбасшыларды іріктеу қажет», - деді Ермек Маржықпаев.
Жиын соңында министр спортшыларды даярлау жоспарының, жаттықтырушы-кеңесшілердің жұмысын, қаржыландырудың тиімділігін пысықтау керек екенін айтты.