Елімізге нағыз футбол мерекесі келді – Рафаэль Уразбахтин

Бүгін, 15:52
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views64
Елімізге нағыз футбол мерекесі келді – Рафаэль Уразбахтин
Фото: «Қайрат» футбол клубынан

Алматылық «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар лигасы аясында өтетін «Реал Мадридке» қарсы матч алдындағы команда дайындығы жайлы пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz

«Әрине, бұл біз үшін тарихи ойын. Бұл – Қазақстан үшін, клуб үшін, бапкерлер мен футболшылар үшін ерекше матч. Әдеттегі ойын шеңберінен шығып тұр. Ертеңгі кездесуді асыға күтіп отырмыз. Елімізге нағыз футбол мерекесі келді. «Реал Мадрид» сынды ұлы клубтың Қазақстанға келгеніне қуаныштымыз. Ерекше толқу мен үлкен үмітпен матчты күтіп отырмыз», - деді Уразбахтин баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар бапкер испандық клубтың соңғы ойындарына да тоқталды.

«Иә, біз «Атлетикоға» қарсы матчын толық көрген жоқпыз. Бірақ жалпы соңғы бес кездесуін талдадық. Тіпті, «ПСЖ»-мен өткен Клубтық әлем чемпионатындағы ойынын да қарадық. Футболда жеңіліссіз болмайды, бұл – қалыпты құбылыс. «Реал» – тұрақтылығымен ерекшеленетін команда. Соңғы ойында олар тактикасын сәл өзгертті, мүмкін, соған байланысты белгілі бір қиындықтар болған шығар. Әлде алаңға бұрын көп мүмкіндік алмаған ойыншылар шыққан болар. Дегенмен біз олардың жеңісті ойындарын көбірек сараладық. Енді ертеңгі матчта не болатынын бірге көрейік», - деп түйіндеді «Қайрат» бапкері.

Айта кетейік, Алматыға Испанияның «Реал Мадрид» клубының футболшылары келді. Әуежайдан жұлдызды футболшыларды мыңдаған жанкүйер күтіп алды.