Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Тоғызқұмалақтан ұлттық құрама дайындығы қалай
Тоғызқұмалақтан ұлттық құрама спортшылары осы күзде Астана қаласында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындық үстінде, деп хабарлады Elorda.info.
«5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына деген дайындық жоғары деңгейде жүріп жатыр. Біз Ыстанбұл қаласында, кейін Бурабай қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп үлгердік. Ал қазір дайындық жұмыстарын Қырғызстанда жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Мен жалпы бұл спорт түрімен 11 жылдан бері айналысамын. Тоғызқұмалақ өмірімнің бір бөлігіне айналды десем де болады», - дейді тоғызқұмалақтан ҚР ұлттық құрама спортшысы Ерсұлтан Әуелбай.
Тоғызқұмалақтан ҚР ұлттық құрама спортшысы Ернұр Мерешев бұл спорт түрімен 20 жылдан бері айналысып келеді. Ол тоғызқұмалақ спортын мектеп қабырғасынан бастап үйрету керек дейді.
«Тоғызқұмалақ ойлау қабілетіне өте жақсы әсер етеді. Мысалы үйірмеге қатысатын балалардың математика пәнінен үлгерімдері өте жақсы», - деп атап өтті Ернұр Мерешев.
Ал тоғызқұмалақтан ҚР ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Айнұр Жақапбаеваның айтуынша тоғызқұмалақ, овари (Батыс Африка халықтарының ойыны) және мангала (түрік халқының зияткерлік ойыны) зияткерлік ойындарына қатысу үшін әлемнің 50 елінен спортшылар келеді деп күтілуде.