00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Бүгін футболдан әлем чемпионаты іріктеу кезеңінің жеребесі тартылады

13 желтоқсан, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Бүгін футболдан әлем чемпионаты іріктеу кезеңінің жеребесі тартылады
Фото: FIFA

Бүгін Швейцарияның Цюрих қаласында 2026 жылғы әлем чемпионатының Еуропа құрлығы бойынша іріктеу кезеңінің жеребесі тартылады, деп хабарлады Elordainfo.kz

Жеребе тарту рәсімі Астана уақытымен сағат 16:00-ге белгіленген. 

Қазақстан төртінші себетке түсті. Бұл себетте біздің құрамадан басқа Болгария, Литва, Латвия, Люксембург, Кипр, Эстония, Әзербайжан, Косово, Армения, Беларусь және Фарер аралдары бар.

Ал бірінші себетте Франция, Испания, Англия, Португалия, Нидерланд, Бельгия, Италия, Германия, Хорватия, Швейцария, Дания, Аустрия орналасса, екінші себетте Түркия, Уэльс, Швеция, Польша, Венгрия, Украина, Сербия, Грекия, Румыния, Норвегия, Словакия, Чехия бар. 

Сондай-ақ үшінші себетте Шотландия, Словения, Ирландия, Албания, Солтүстік Македония, Грузия, Финляндия, Исландия, Солтүстік Ирландия, Израиль, Босния және Герцеговина, Черногория, бесінші себетке Молдова, Мальта, Андорра, Гибралтар, Лихтенштейн, Сан-Марино белгіленді. 

Барлық құрама 12 топқа 4 немесе 5 командаға бөлінеді. Төрт құрамадан тұратын алғашқы алты топ (A-F) іріктеу турнирін 2025 жылдың қыркүйегінде бастаса, қалған 5 құрамадан тұратын 6 топ (G-L) 2025 жылдың наурызында бастайды. 

Топ жеңімпазы әлем чемпионатына тікелей жолдама алса, екінші орын иегері өтпелі матч ойнайды.

Іріктеу кезеңі 2025 жылдың 21 наурызында басталса, 18 қарашада мәресіне жетеді. Ал өтпелі матч 2026 жылдың 26-31 наурызы аралығында болады. 

Айта кетейік, әлем чемпионатының финалдық кезеңі 2026 жылдың 11 маусымы мен 19 шілдесі аралығында АҚШ-тың Атланта, Бостон, Даллас, Хьюстон, Канзас-Сити, Лос-Анджелес, Майами, Нью-Йорк, Филадельфия, Сан-Франциско, Сиэтл, Канаданның Торонто, Ванкувер және Мексиканың Гвадалахара, Мехико, Монтеррей қалаларында өтеді. Алғаш рет дүбірлі додада 48 құрама бақ сынайды.