Қазақстан ҰОК атқарушы комитетінің жаңа құрамы бекітілді

Бүгін, 10:19
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстан ҰОК атқарушы комитетінің жаңа құрамы бекітілді
Фото: olympic.kz

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің (ҰОК) Бас ассамблеясында Атқарушы комитетінің жаңартылған құрамы бекітілді. Сондай-ақ жиын барысында ұйымның жарғысына енгізілген өзгерістер талқыланып, жаңа мүшелер қабылданды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараға Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин, Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Қазақстан ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев және ұлттық спорт федерацияларының өкілдері қатысты.

Геннадий Головкин Бас ассамблея қатысушыларына алғыс білдіріп, ортақ жобаларды жүзеге асыру жолындағы бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

Бірқатар спорт ұйымдары басшылығындағы өзгерістер мен кадрлық ауыс-түйістерге байланысты Атқарушы комитетінің құрамын қайта қарап, жаңарту туралы шешім қабылданды. Бұл қадам комитеттің тиімділігі мен белсенділігін арттыру мақсатында жасалды.

Бас ассамблея қорытындысы бойынша Атқарушы комитетінің жаңартылған құрамы төмендегідей:

Вице-президенттер:

Серік Жарасбаев – өңірлермен жұмыс жөніндегі вице-президент, ҚР Туризм және спорт вице-министрі;

Шахмұрат Мұтәліп – халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президент, Қазақстан бокс федерациясының президенті;

Данияр Абулгазин – жазғы олимпиадалық спорт түрлері жөніндегі вице-президент, Үстел теннисі федерациясының президенті;

Сәкен Мұсайбеков – қысқы олимпиадалық спорт түрлері жөніндегі вице-президент, Шайбалы хоккей федерациясының бас директоры;

Гаджи Гаджиев – жалпы мәселелер жөніндегі вице-президент, Ауыр атлетика федерациясының президенті.

Спортшылар комиссиясының өкілі:

Ольга Рыпакова – Жеңіл атлетика федерациясының президенті.

Ұлттық федерациялар өкілдері:

Әлия Юсупова – Гимнастика федерациясының президенті;

Мәди Такиев – Волейбол федерациясының президенті;

Асхат Жіткеев – Дзюдо федерациясының бас хатшысы;

Нұрлан Жақыпов – Су спорты түрлері федерациясының президенті;

Ержан Біржанов – Триатлон федерациясының президенті;

Берік Асылов – Спорттық ату федерациясының президенті;

Құдірет Шамиев – Таэквондо (WTF) федерациясының президенті;

Қайрат Дүйсенов – Гольф федерациясының вице-президенті.

Сондай-ақ Бас ассамблея барысында Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының ҰОК құрамына мүшелікке қабылдануы мақұлданды.

Айта кетейік, 2024 жылдың қыркүйегінде аталмыш ұйым дербес ұлттық федерация мәртебесін алу туралы ресми өтініш жолдаған болатын. Бұған дейін мәнерлеп сырғанау Қазақстан конькимен жүгірушілер одағының құрамында дамыған. 2023 жылдың қарашасында Халықаралық конькишілер одағы (ISU) Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағын дербес федерация ретінде мойындады.

Сонымен қатар Қазақстан ҰОК құрамынан белсенді қызметтің болмауына байланысты шана спорты федерациясы шығарылды.

Бұдан бөлек, Бас ассамблеяға қатысушылар ұйымның жұмыс барысын жетілдіруге Жарғы өзгерістерін қарап, бекітті.