Астаналықтар Азиаданың тарихи алтынын алған шорт-трекшілерді қарсы алды


Бүгін шорт-тректен Харбинде өткен IX қысқы Азия ойындарында 1 алтын, 2 күміс еншілеген отандастарымыз елге оралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
2025 жылдың басты додасы – 7-14 ақпан күндері аралығында өткен Қытайдағы қысқы Азиадада шорт-трекшілеріміз 30 жылдай уақыт бұйырмай келген алтын медальды жеңіп алды. Әділ Ғалиахметов, Айбек Нәсен, Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев, Абзал Әжғалиев, Глеб Ивченко бастаған құрамамыз 5 000 метрлік қашықтықтағы эстафета сайысында атағынан ат үркетін, Олимпиада, әлем чемпиондарынан құралған Қытай мен Оңтүстік Корея құрамаларын артқа тастады.
«Ең бастысы – дайындық, тәртіп және команданың бірлігі. Біз қарсыластарды жақсы талдап, стратегияны ойластырдық. Ойлаған дүниемізді тәжірибеде іске асыра алдық. Мұндай жарыстарда әрбір сәт маңызды: күшіңді қалай бөлесің, командада қалай жұмыс істейсің, қысымға қалай төтеп бересің. Біз осы барлық факторларды біріктіре алдық», - деді команда мүшесі Денис Никиша.
Жігіттерден бөлек, әйелдер құрамасы да 3000 метр қашықтықта күміс жүлде еншіледі. Малика Ермек, Зейнеп Құмархан, Алина Әжғалиева, Мәдина Жанбосынова, Яна Хан, Ольга Тихонова бастаған үздіктер жанкүйер сенімін ақтады. Аралас командалық сайыста да күміс жүлде бұйырды.
Кей жанкүйерлердің алтын медаль кездейсоқтық деген пікіріне де жауап берілді.
«2025 жылдағы басты жоспарымыз қысқы Азия ойындары мен әлем чемпионаты болды. Мамыр айынан бастап, тыңғылықты дайындалдық. Чемпион болған сәттегі әдіс те бірнеше ай бойы ойластырылған тактика еді. Қытай мен Оңтүстік Корея спортшылары құламаса да, бәрібір озатын едім», - деп Әділ Ғалиахметов пікірін білдірді.
2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында Абзал Әжғалиевтің жүлдеге бір табан жетпей, 4-орынға тұрақтауы, 2024 жылы Денис Никишаның 500 метрлік қашықтықта тарихи күміс медаль алуы, IX қысқы Азия ойындарында жігіттеріміз бен аруларымыздың да биік сатыдан көрінуі бұл спорт түрінде жекелеген спортшы емес, әрқайсысынан әлемдік додаларда жүлде күту керектігін аңғартты.