00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада олимпиадалық емес спорт түрлері қарқынды дамып жатыр

18 қыркүйек, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада олимпиадалық емес спорт түрлері қарқынды дамып жатыр
фото: Elordainfo

Астана қаласының коммуникациялар қызметінде «Спортты олимпиадалық емес түрлері бойынша дамыту дирекциясы» КММ басшысы Дастан Алдашов брифинг өткізді, деп хабарлады Elorda.info

Астанада олимпиадалық емес спорт түрлері, сонымен қатар ұлттық және техникалық спорт түрлері бойынша құрама командалар жасақталып, қолдау көрсетілуде. 

Дирекция қызметінің міндеттеріне спорт түрлері бойынша Астана қаласының құрама командаларын іріктеу, қалыптастыру, даярлау және қолдау көрсету кіреді. Астана қаласы құрама командасының спортшыларын, Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командаларының негізгі құрамына даярлауды жүзеге асырады. Олимпиадалық емес, ұлттық және техникалық спорт түрлерін дамытып, елорда спортшыларының спорттық резервін даярлайды.

Биыл дирекцияда спорттың 58 түрі тіркелді. Спорт түрлері бойынша қала командаларының құрамына – 2 378 спортшы, оның ішінде ҚР еңбек сіңірген спорт шеберлері – 4, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері – 112, ҚР спорт шеберлері – 194, ҚР спорт шеберіне кандидаттар – 393, ҚР Ұлттық құрамаларына – 565 спортшы кіреді.

Ай сайын ақшалай қаражат алатын спорт түрлері бойынша Астана қаласының штаттық командасында 65 спортшы бар. Осы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері – 30, ҚР спорт шебері – 27, ҚР спорт шеберіне үміткер – 71 спорттық атақтар орындалды, - деді Д.Алдашов.

Қазіргі уақытта спорт түрлері бойынша қала құрамаларымен 60 аға жаттықтырушы жұмыс жүргізуде, оның ішінде 12 – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 36 – біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы, 2 – біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты жаттықтырушы, 2 – біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санатты жаттықтырушы, 14 – санатсыз жаттықтырушы бар.

2023 жылы қаңтар-маусым аралығында Астана қаласы құрамасының спортшылары 141 республикалық және халықаралық жарыстарға қатысты, республикалық жарыстарда жеңіп алынған медальдардың жалпы саны – 955, оның ішінде алтын – 380, күміс – 295, қола – 279, халықаралық жарыстарда жеңіп алынған медальдардың жалпы саны – 236, оның ішінде алтын – 89, күміс – 68, қола – 78.

Астанада өткен VI ұлттық спорт фестивалінде 9 спорт түрі бойынша 19 құрама команданың ішінен суырылып шығып, елордалық команда күміс жүлде иегері атанды. Шахматтан қыздар арасында өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрама командасы 2007 жылдан бері алғаш рет финалға өтіп, жүлделі 2-орынға ие болды, - дейді мекеме басшысы. 

Айта кетейік, жыл басында ММА аралас жекпе-жектен Сербия мемлекетінің Белград қаласында өткен әлем чемпионатында Шәкенбай Ерсұлтан чемпион болды. Сәуірде шахматтан Грекия мемлекетінің Родос қаласында өткен әлем чемпионатында Амина Қайырбекова, Аланна Берікқызы, мамырда кикбоксингтен өткен әлем кубогында Диас Иманбаев, Азиз Бабаев, Икрам Бабаевтар чемпион атанды. Тамыздағы пауэрлифтингтен өткен әлем чемпионатында Нинель Аблалева көк байрағымызды көкке көтерді.