5 боксшымыз Париж Олимпиадасына жолдама ұтып алды
Олимпиада жүлдесі сарапқа салынған турнирде Қазақстан атынан 11 боксшы (6 ер, 5 әйел) ел намысын қорғады, деп хабарлайды Elorda.info.
Сессияны 92 келіде Азия чемпионы Айбек Оралбай бастады. Ол 1/4 финалда Жамар Таллейді (АҚШ) барлық раундта сенімді түрде ұтып, Олимпиадада өнер көрсетуге мүмкіндік алды.
Одан кейін әйелдер бәсекесінде әлем чемпионы Валентина Хальзова 75 келідегі ширек финалда Ұлыбритания атынан сынға түсіп жатқан Камерун тумасы Кинди Нгамбаға есе жіберді. Физикалық мықтылығын ұтымды пайдаланған Кинди Нгамба отандасымызды 3 мәрте нокдаунға түсіріп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Кешкі сессияда әлем чемпионатының 2 мәрте жүлдегері Алуа Балқыбекова (50 келі) теңдей өткен айқаста Макси Карина Клоетзерге 2:3 есебімен жол берді.
Өкінішке қарай, 5 аруымыз да Италия төріндегі жарыс жолын жолдамасыз аяқтады.
51 келіде әлем чемпионы Сәкен Бибосынов ширек финалдық жекпе-жекте Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Киаран Макдональдты 4:0 есебімен жеңді.
Жерлесіміз бастапқы 2 раундты сенімді түрде 5:0 есебімен ұтты. Ал шешуші раундта Сәкен нокдаунға түсіп қалғанымен, есептегі басымдығын сақтап қалды.
Осылайша, Сәкен Бибосынов 51 келіде Болат Жұмаділовтен кейін екінші мәрте қатарынан баратын отандық спортшы атанды.
Тағы бір әлем чемпионы Махмұд Сабырхан 57 келідегі тартысты шешуші айқаста жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Асрор Вахидовтан 4:1 есебімен айласын асырды.
Нәтижесінде, 22 жастағы жерлесіміз көптен күткен Олимпиаданың шаршы рингінде бақ сынауға мүмкіндік алды.
Еске сала кетейік, 57 келі салмақта қазақ тарихында 1 ғана боксшы Олимпиадада жүлде алған. Ол аты аңызға айналған 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы марқұм Бекзат Саттарханов.
Ұлттық құраманың капитаны, 71 келіде әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов шешуші сәтте әзербайжандық Вархан Алиевтен 5:0 есебімен басым түсті.
Ұзақ уақыт өз мүмкіндігін күткен 30 жастағы Асланбек Шымбергеновке бокс мансабында Олимпиаданың алтыны ғана жетпей тұр.
Кештің әдемі нүктесін 80 келіде әлем чемпионы Нұрбек Оралбай қойды. Жерлесіміз шешуші айқаста Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Келин Кассидиді 4:1 есебімен жеңді.
Осылайша, Қазақстан бокс тарихында алғаш рет Айбек және Нұрбек атты егіз боксшылар Олимпиадада ел намысын қорғайды.
Енді осы жарыста жолы болмаған боксшылар 23 мамыр мен 3 маусым күндері аралығында Бангкоктегі (Таиланд) екінші әлемдік іріктеу турнирінде соңғы мүмкіндіктерін пайдалануға тырысады.
Қанат БАЙҰЗАҚОВ