Елордада «Astana Open» үстел теннисі фестивалі өтіп жатыр
Бүгін елордада «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде «Astana Open» үстел теннисі фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info.
Оған еліміздің Қарағанды, Петропавловл, Көкшетау, Степногорск, Түркістан, Шымкент, Алматы және Астана секілді еліміздің ірі өңірлерінен жиналған 300-ден аса әуесқой спортшы қатысып жатыр.
Фестивальдің ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Қазақстандық спортшылар одағы ҚБ атқару комитетінің төрағасы Азамат Қарлығашев, «Қазақстан Республикасы үстел теннисі федерациясы» бас хатшысы Данил Пак және үстел теннисі федерациясының атқарушы директоры Александр Перевалов қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
Қайырлы күн құрметті спортсүйер қауым, жарысқа қатысушылар! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің Қазақстан халқына арнаған жолдауында бұқаралық спортқа баса мән беруіміз керек- деген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында бүгінгі таңда бірқатар жұмыстарды қолға алдық.
Үстел теннисі қазіргі кезде көпшіліктің сүйікті спортына айналып үлгерді. Қаламыз бойынша аталған спорт түрімен жүйелі және күнделікті түрде айналысатындар саны 2000 (мың)-ға жеткен. Елордада үстел теннисіне арналған арнайы 5 спорт нысаны бар. Қазіргі уақытта халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) барлық талаптарына сәйкес Астана қаласында жаңа үстел теннисі орталығы салынып жатыр. Аталған нысанда алдағы уақытта қалалық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар, оқу-жаттығу жиындарын өткізу жоспарланып отыр. Бұл үстел теннисі орталығы – елорда спортшыларына алдағы уақытта да оң серпінін береді деп сенеміз, - деді Е.Бекмурзаев.
Сондай-ақ Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев үстел теннисі бүгінгі таңда бұқаралық сипат алып, қарқынды дамып жатқанын жеткізді.
Баршаңызды алдымызда келе жатқан еліміздің басты мерекесі Республика күнімен құттықтаймын! Егемен еліміз өркендей берсін! Спортшыларымыз көк байрағымызды биікте желбіретіп, ән ұранымызды асқақтата бергей! Бүгінгі додада шын мықтылар жеңіске жетеді деген сенімдемін! Жеңісті күндеріңіз көп болсын,-деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев.
Спорттың ең бекзат түрлерінің бірі боп табылатын үстел теннисіне, әр жастағы ерлер мен әйелдер арасында өтуде.
Фестиваль қорытындысы бойынша жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталады.