«Қыздарым үшін блог бастадым»: Жеті қызы бар әке отбасымен блогерлікке қалай келгені туралы айтты


«Астарлы ақиқат» ток-шоуында видеоблогер Нұрдәулет Қарауылбаев отбасымен блогерлікке қалай келгендері туралы айтып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz
Жеті қызы бар блогер әке бағдарлама жүргізушісі Асхат Садырбаймен бала күннен бірге өскен болып шықты.
«Біз Нұрдәулет екеуміз бір ауылданбыз, екеуміз көрші болдық, бірге ойнадық. Нұрдәулет қазір 7 қыздың әкесі және танымал видеоблогер болып кетіпті»,- деді Асхат Садырбай.
Видеоблогер Нұрдәулет Қарауылбаев отбасымен блогерлікке қалай келгенін айтты.
«Былтыр жазда бастадық, ол кезде Түркістан қаласына қыдыруға барғанбыз. Осыған дейін де қыдырып жүрген видеолар түсіретінбіз. Осы жолы Youtube желісіне салып көрейік деген идея болды. Солай бастап кеттік. TikTok-қа видео салғанымызға екі ай ғана болды. Қыздарыма олимпиадада орын алғаны үшін ақша беріп жатқан видеоны аналары түсіріп алыпты. Сол видео көп қаралым жинап, рекке шықты»,- деді Нұрдәулет Қарауылбаев.
Бағдарлама барысында блогер әке жарымен қалай танысқанын да айтып берді.
«Бұрын mail.ru агент деген болды ғой, сол арқылы таныстық. Қазір «ҚазақгазАймақта» жұмыс істеймін, әйелім қыздарымызға қарайды. Мен жұмыстан келген соң, үйде түсірілім басталады»,- дейді ол.



