«Қайын атам телефон соғып іздейді»: Айжан Байзақова отбасы туралы айтты


Блогер подкаст түсіріп, алғашқы қонақ ретінде енесі мен күйеуін шақырды. Спикерлер бала тәрбиесі, баланың ата-анадан бөлінуі секілді тақырыптарды талдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Ана мен баланың сепарациялануы өте күрделі қадам. Балаларыңыздан қалай сепарацияландыңыз?! Мен сырттың адамы ретінде айтарым: ана бола тұра сіз одан өте сауатты түрде сепарация жасағансыз. Тағы айтарым, біз шетелде демалып жүрсек, енем емес, қайын атам телефон соғып маза бермейді. Қайын атам күнде телефон соғып, «не істеп жатырсыңдар, қашан келесіңдер, байқап жүріңдер» дейді. Ал Сіз ондай емессіз», – деді Байзақова.
Оның сөзін қайын енесі құптап, бұл туралы өз пікірін айтты.
«Иә, Нұрбек менің ұлым, бірақ ол - менің жекеменшігім емес. Ол – жеке дара тұлға. Егер ұлыңнан сепарация жасай алмасаң, онда оны клеткаға қамап қой да, үйлендірме. Егер ұлыңнан ажырай алмасаң, ол бақытты болмайды, әйелі бақытты болмайды, ажырасып, немерелерің әкесіз қалады. Менің ойым осы», – дейді енесі.
Алайда Жанна ханым балалары үшін алаңдап отыратынын жасырмады.
«Мен, әрине, ол үшін қатты алаңдаймын. «Не істеп жүр екен» деп уайымдаймын. Бірақ телефон соғып мазасын алмаймын. Маған қарағанда, расымен, әкелері балаларына үнемі хабарласып, сұрап-біліп отырады», - дейді енесі.
Еске салайық, Жанна ханым болашақ келіні туралы естігенде шошығанын айтқан еді.



