«Құдай сақтасын»: Байзақованың енесі ұлының блогермен алғаш кездесіп жүргенін естігенде шошығанын жасырмады

11 сәуір, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Құдай сақтасын»: Байзақованың енесі ұлының блогермен алғаш кездесіп жүргенін естігенде шошығанын жасырмады
Фото: видеодан скриншот

Блогер Айжан Байзақова Youtube арнасында қайын енесі Жанна және күйеуі Нұрбек Арыстановпен алғашқы подкастын жариялады. Сұхбатта қайын енесі баласының атышулы Байзақовамен кездесіп жүргенін естіген кезде қандай ойда болғанын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ол баласының қарым-қатынасы туралы әуелі отағасы білгенін айтты.

«Біздің үйде Нұрбектің әкесі бәрін біледі ғой. Бір күні маған осы күдігін айтты. Мен Нұрбекке «Мұның не?» деп қоңырау шалдым.  Ол маған Айжанмен дос екенін айтты. Мен «Дос болса, жарайды» қоя салдым. Ал әкесі олардың қарым-қатынасының достықтан гөрі қыз бен жігіттің қарым-қатынасына ұқсас екенін меңзеді.

Бірақ мен Айжанның Instagram парақшасын көрген соң «Құдай сақтасын, мынаны көрмейін» дедім», - деп Байзақованың қайын енесі ол туралы алғаш естіген кезін еске түсірді.

Ол кейін баласының Байзақовамен тек дос емес екенін білді. Оның айтуынша, баласы Нұрбек өзіне Айжанның ұнайтынын, болашақ жары ретінде көретінін айта бастаған.

«Балам, оның не? Бұған папаң қалай қарайды?» дедім. Қазақтың «ұяты» бар, ағайын-тума не дейді? Бірақ ол «Мен өз таңдауымды жасадым» деді. Әрине бастапқыда әкесі қарсылық танытты», - деді ол.

Нұрбектің анасы үш қызының Айжанды қолдағанын айтты.

«Нұрбектің бауырлары маған «Сіз оның шын мәнінде қандай адам екенін білмейсіз ғой. Көріп жүргеніміз тек «имидж». Оның бәрі Instagram-да оқырмандар жинау үшін жасалған болар» деді. Досым да «сыртынан қалай тон пішуге болады, негізі жақсы қыз сияқты ғой» деген ойын айтты», - деді ол.

Кейін әкесі ұлынан болашақ келінін таныстыруға үйге әкелуін сұрады.

«Бәріміз қобалжыдық. Айжан да қатты уайымдаған. Бірақ дастархан басында сөйлесе келе Нұрбектің әкесі «Болды, біздің келін. Орамал әкел» деді. Айжанның басына орамалды салғасын ішімдегі барлық күмән сейілді. Ал отағасы «Айжан енді біздің келініміз. Бұдан былай «Айжан анадай, Айжан мынадай» дейтіндер болса, олармен араласпаймыз» деді», - деп еске алды келінімен алғаш танысқан күнін есіне алып.

Содан бастап Айжан Байзақованың қайын жұрты оның мүлдем басқа қырынан, жақсы жағынан тани бастайды.

«Ең бастысы, күйеуі мен әйелі бір - бірін жақсы көреді, тек сүйіп қана қоймайды, бір-бірін құрметтейді де», - деді ол.

Ол сондай-ақ Айжанды отбасының барлық мүшелері жақсы көретінін айтты.

 «Instagram-дағы Айжан - бұл мүлдем басқа Айжан. Мен сені қалай көремін: сен өте мейірімді қызсың, өте ақылдысың, сенде жалғандық жоқ, сен тікелей адамсың, шыншылсың. Сенің Нұрбектің бауырларымен жақсы қарым-қатынаста болғаның мен үшін өте маңызды, өте құнды. Қыздар да сені қатты жақсы көреді, құрметтейді, сені және Нұрбекті мақтан тұтады», - деді Айжанның қайын енесі.