Қылмыстың және заңға қайшы әрекеттердің салдарымен ғана күресуге болмайды – Тоқаев


Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы осы аптаны «Заң және тәртіп» апталығы деп жариялады.
«Заң және тәртіп» қағидаты жауапкершілікті сезіну мәдениетімен тығыз байланысты. Елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны жүріп жатқанын білесіздер. Бұл маңызды бастама халықтың кең қолдауына ие болды. «Таза Қазақстан» – озық ойлы қоғам құруға арналған идеологиялық тұғырнаманың ажырамас бөлігі. Бұл – тек қоршаған ортаның тазалығын емес, ой мен сана тазалығын сақтау деген сөз. Себебі қоғамдық әдеп пен заңға деген құрмет айналадағы тазалықтан басталады. Жалпы, халықтың құқықтық мәдениетін көтеруге жан-жақты қараған жөн. Бүгін мен «Заң және тәртіп» апталығын жариялауды ұйғардым. Осы апта қоғамда заң мен тәртіпті насихаттау аптасы болмақ. Алдағы жеті күн құқықтық мәдениетті нығайтуға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының абырой-беделін арттыруға арналуы керек. Алайда, бұл бір реттік акция емес. «Заң және тәртіп» апталығына азаматтардың құқықтық сана-сезімін көтеретін маңызды, жүйелі шара ретінде қараған жөн»,- деді ол.
Мемлекет басшысы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту қажет екенін айтты.
«Қылмыс оған қолайлы жағдай жасаған жерде өршиді. Қылмыстың және заңға қайшы әрекеттердің салдарымен ғана күресуге болмайды. Қылмысқа түрткі болатын себептерді алдын ала анықтап, жойып отыру қажет. Менің тапсырмаммен «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» Заң жобасы әзірленіп, Мәжілістің қарауына берілді. Жаңа заң аталған саладағы мемлекеттік саясатты біріздендіріп, профилактикалық шаралармен қамтылатын тұлғалардың санатын кеңейтеді. Мұндай заң сөзсіз керек. Сондықтан мейлінше тез қабылдау қажет. Парламент депутаттарынан заң жобасын жылдың соңына дейін қарап, қабылдауды сұраймын. Заңнамалық өзгерістермен қатар, ұйымдық құрылымды да жаңғырту қажет. Ішкі істер министрлігі жүйесінде профилактикалық жұмыстарды үйлестіретін дербес бөлімше құратын уақыт келді. Құқық қорғау органдарының тиімділігін бағалау жүйесіне де өзгеріс қажет. Онда құқық бұзушылықты ескерту бағытындағы жұмыс нәтижесі есепке алынуға тиіс. Қылмысқа көбінесе тұрмысы нашар отбасыдан шыққан адамдар барады. Алдын алу шараларын жүзеге асырғанда дәл осы санатқа айрықша назар аударған жөн. Бұл ретте әлеуметтік қорғау органдары мен жергілікті билік маңызды рөл атқарады»,- деді Президент.



