00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Сенатта Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісім мақұлданды

20 сәуір, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Сенатта Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісім мақұлданды
Фото: дереккөз

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады, деп хабарлады Elorda.info.

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев, алдымен, Мемлекет басшысының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларынан туындайтын міндеттерге тоқталып өтті. Палата төрағасы оларды іске асыру үшін Сенат Мәжіліспен және Үкіметпен бірлесіп әрекет ететінін айтты.

Мемлекет басшысы өңірлердегі бірінші кезекте шешуді талап ететін мәселелерге тоқталып, оған Үкіметтің және жергілікті биліктің назарын аударды. Сенат Президентіміз белгілеген міндеттерді іске асыруға қажетті заңнамалық шешімдерді Мәжіліспен және Үкіметпен бірлесіп қабылдайды. Сондай-ақ айтылған мәселелерді жұмыс барысында басшылыққа алып, оларды Сенаттың негізгі іс-шаралар жоспарын іске асыру кезінде жан-жақты ескереді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.

Бұл Келісім Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы мемлекеттік шекараға қатысты құқықтық қатынастарды реттеуді көздейді. Атап айтқанда, заң нормалары арқылы мемлекеттік шекараны күтіп ұстау, оны кесіп өту және шекара арқылы жүктер мен өзге мүлікті өткізу тәртібі айқындалады. Сондай-ақ құжатта мемлекеттiк шекарада, шекаралық белдеулер мен сулар шегiнде кәсіпкерлік, балық аулау немесе басқа да қызметті жүргізу, қоғамдық-әлеуметтік iс-шаралар өткiзу мәселелері қамтылған. Бұл орайда шекарада құқықтық тұрғыдан туындауы мүмкін оқиғаларды шешу жолдары да реттелетінін атап өткен жөн.